«Болашақ» бағдарламасына жұмсалған бюджет қаражатын қайтару тәртібіне индексация механизмін енгізу қажет. Мәжілісмен Мәгеррам Магеррамов осындай ұсыныс жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, магистратурада оқитын әр стипендиатқа мемлекет орташа есеппен 60-150 мың доллар жұмсаса, докторантураға 200-250 мың доллар бөлінеді екен. Алайда келісімді орындамаған жағдайда, мемлекет қаржыны бастапқы күйінде ғана қайтарып алады. Арада жылдар өткенде, инфляцияның әсерінен қаражаттың нақты құны едәуір төмендейді.
«Егер мемлекет бір стипендиатқа 100 мың доллар жұмсаса, он жылдан кейін инфляцияны ескергенде, бұл қаржының құны шамамен 134 мың долларды құрайды. Ал, индексациясыз қайтарылатын бастапқы 100 мың доллардың бюджетке тигізер зияны – 34 мың доллар. Кей жағдайда мемлекет шығыны 150-200 мың долларға дейін барады десек, 8-10 жылдан кейін бюджетке келер залал 50-70 мың долларға жетуі мүмкін», – дейді депутат.
Магеррамов қаржы қайтару жүйесіне «ақшаның уақытша құнын» есепке алатын индексация тетігін енгізуді ұсынды.
Айтқандай, 16 наурыздан бастап «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендияға құжат қабылдау басталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







