Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов белгілі қаржыгер Ораз Жандосовтың «айна операцияларына» қатысты айтқан сынына жауап берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұған дейін Алматыда өткен форумда Жандосов Ұлттық банктің ішкі нарықтан алтын сатып алу тәжірибесін «қателік» деп бағалаған болатын. Қаржыгердің пікірінше, еркін айналымдағы теңге жағдайында алтын сатып алу кезінде шығарылған қосымша теңге көлемі валюта сату немесе басқа стерилизация құралдары арқылы нарықтан шығарылмаған.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, Жандосовтың пікірі негізінен «айна операцияларын» әлдеқайда ертерек бастау қажет еді дегенге саяды. Ұлттық банк басшысы Қазақстанның теңгенің еркін айналымы режиміне 2015 жылы өткенін, ал алтын сатып алу механизмі 2011-2012 жылдардан бері қолданылып келе жатқанын атап өтті. Жандосов болса, осы уақыт аралығында «айна операцияларын» әлдеқайда ертерек енгізуге болатын еді деп есептейді. Қазір бұл механизм 2025 жылы ғана қолданысқа енгізілген.
Ұлттық банк басшысы сарапшылар арасында осындай механизмдерді енгізу мерзіміне қатысты пікірлер әртүрлі болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, Ұлттық банктің алтын сатып алу саясаты елде айтарлықтай алтын-валюта резервтерін қалыптастыруға мүмкіндік берген.
Қазіргі уақытта Қазақстанның халықаралық резервтері шамамен 74 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұған қоса, Ұлттық қор активтері, Ұлттық банк басқаруындағы зейнетақы активтері мен алтын-валюта қорының жиынтық көлемі шамамен 185 млрд долларға жетіп отыр.
Тимур Сүлейменовтың айтуынша, «айна операциялары» ерте енгізілген жағдайда еліміздің алтын-валюта резервтерінің деңгейі қазіргіге қарағанда төмен болуы мүмкін еді. Ол әлемдік экономикадағы қазіргі тұрақсыздық жағдайында бұл резервтер Қазақстан үшін қаржылық қауіпсіздік жастығы рөлін атқаратынын ерекше атап өтті.
«Қазақстан экономикасы үшін елеулі резервтер қорының болуы аса маңызды. Себебі бұл сыртқы экономикалық тәуекелдер кезінде елдің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Ұлттық банк басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







