Бала өз-өзіне қол жұмсау туралы айтқанда, оны елемеуге әсте болмайды. Стаистикалық мәлімттерге назар аударатын болсақ, өзіне қол жұмсаған балалардың 79%-ы бұған дейін мұндай ниетін ашық білдірген, ал олардың 11%-ы – дәл қайтыс болған күні айтқан
Осы ретте Ertenmedia.kz агенттігінің тілшілері психолог маман Әлия Жанқожина ханымға хабарласып, мұндай кезде ата-анлардың не істеуі керек екенін сұрады. Өз кезегінде білікті маман ата-аналар баладан мұндай қауіпті сөз естігенде қалай әрекет етуі керектігі жөнінде өзінің алгоритм ұсынды.
Маманның айтуынша, ата-аналар суицидтік ойларды көбінесе баланың әлеуметтік желідегі жазбаларынан, күнделігінен немесе баланың өз аузынан естиді. Мұндай жағдайда психолог әңгімені кейінге қалдырмай, бірақ эмоция үстінде бастамауға кеңес береді.
– Әңгімеге кіріспес бұрын, ең алдымен өзіңізді сабырға шақырыңыз, балалар ата-анасының көңіл күйі мен эмоциясын тез сезінеді. Дағдарыс сәтінде олар үшін ең маңыздысы – үйдің қауіпсіз орын екенін, ал жанындағылардың көмек көрсетуге моральдық әлеуеті жететінін сезінуі тиіс, – дейді Әлия Жанқожина.
Психологтың пікірінше, әңгімені барынша тактпен, байыпты өткізу керек.
– Әңгіме барысында баланың сезімін мойындап, оның қаншалықты ауыр екенін түсініп, қолдау білдіру қажет. Содан кейін бірден кәсіби психологтың көмегіне жүгінген жөн. Баламен сөйлескенде «есі дұрыс емес», «псих» деген артық сөздерді мүлде қолданбаңыз. Соынмен қатар мұндай жағдайда баланы жалғыз қалдыруға болмайды. Бірақ баланы көзден таса қылмаймын деп қатты бақылау жасауға да болмайды. Бәрі қалыпты жағдайда өтуі керек. Осы ретте ата-аналар тұңғиыққа салынбауы тиіс. Қазіргі заманда депрессия мен суицидтік ойлар емделетін психикалық бұзылыстар екенін білуі тиіс, – дейді маман.
Әлия Жанқожина жасөспірімдер өтпелі кезеңде кейде «шіркін, өліп қалсам», «енді шыдай алмаймын, өлгенім жақсы», «үй тапсырмасын жасағым келмейді, өле салам» деген сөздерді эмоцияны білдіру үшін – ирониядан бастап нағыз депрессияға дейінгі түрлі мағынада қолдануы мүмкін екенін алға тартты.
– Егер ата-ана осындай сөйлемді баласының хат алмасуынан байқаса, бірден баланың қолынан ұстап, дәрігерге апаруға асықпаған жөн. Диалогты «Сенде бәрі дұрыс па?» деген сұрақпен бастауға болады. Мектеп немесе достар туралы жаттанды сөздерден аулақ болыңыз, тыңдай біліңіз, сөкпеңіз. Бала «иә» немесе «жоқ» деп жауап беріп құтылмауы үшін ашық сұрақтар қойыңыз, – деп кеңес берді білікті маман.
– Егер бала ішкі мәселесін бөліссе, бірден ақыл айтып, шешім ұсынып, өзіңізді ең тәжірибелі адам ретінде көрсетуге тырыспаңыз – бұл баламен диалогты бірден үзуі мүмкін. Ең маңыздысы – бала өзін түсінетінін, жанында қолдаушы жақындарының бар екенін сезінуі керек, – деді Әлия Жанқожина. Ertenmedia.kz агенттігіне білікті маман осындай ой-пайымдарын ұсынды. Алдағы уақытта біздің сайт тілшілері қаузай жазып, балалар арасындағы суидцидтің алдын алуға өз үлесін қосатын болады.