Конституциялық реформалар Қазақстанның әлемдегі геосаяси ахуалды ескере отырып, жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы дамудың тың бағытын таңдауын көрсетеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мұндай ойды Конституциялық комиссияның мүшесі, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының Төрағасы Бекзат Алтынбеков мәлімдеді.
Алтынбековтың пікірінше, әрбір өзгерістің өз мәні мен маңызы бар. Конституциялық реформа – ел санасының жаңғыруының нақты көрінісі әрі алдағы уақытқа арналған жаңа бағдар.
– Жақында Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында ел дамуында тың әрі маңызды бастамалар көтерілді. Бұл отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың тарихи миссиясы табысты аяқталды деп есептеймін. Енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынамын», – деп, тарихи маңызды мәлімдеме жасады. Конституциялық комиссия мүшесі ретінде, мен осы Халық Кеңесінің өкілеттіктері мен қызметі Конституцияның жаңа редакциясында жан-жақты, нақты бекітілуі керек деп санаймын, – деді Алтынбеков.
Сонымен қатар, ол Конституциялық комиссия талқылауына ұсынылған бірнеше нормаларды атап өтті әрі қолдау білдірді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүдделерін қорғайтын жоғары консультативтік орган болып табылады» және «Қазақстан Республикасының Халық Кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасы азаматтарынан жасақталады» деген ұсыныстарға ерекше назар аударды.
«Жаңғыру кезеңінде зор тарихи жауапкершілікті атқару үшін Халық Кеңесінің құқықтары мен міндеттері Ата заңда айқын белгіленуі тиіс. Сонда ғана Кеңес қызметі нәтижелі әрі тұрақты болады деп сенемін. Қазірге менің ұсынысым – осы», – деп сөзін қорытындылады Бекзат Алтынбеков.
Күні кеше ғана Президенттің құқықтық мәселелер бойынша көмекшісі Ержан Жиенбаев Ата заңға енгізілетін жаңа өзгерістерді жариялады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

