Сыртқы істердің орынбасары Әлібек Бақаев Қазақстанға Ираннан босқындар ағылып келуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-министрдің айтуынша, әзірге Иранда тұратын этникалық қазақтардан немесе басқа елдерден ресми түрде көмек сұрап, Қазақстанға келгісі келетіндер туралы өтініш түспеген.
«Бұл жерде ескеретін маңызды жайт бар: олар Иран азаматтары. Қазақстан басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанады. Сондықтан теориялық тұрғыдан алғанда, олардың азаматтары тарапынан ресми өтініш болуы қажет. Ұлтына қарамастан, азаматтық басты рөл атқарады», – деді Әлібек Бақаев.
Сонымен қатар, ол босқын мәртебесі арнайы халықаралық хаттамада көрсетілген критерийлерге сай келетін адамдарға ғана берілетінін атап өтті.
«Қазақстан мұндай жағдайларға толық дайын, арнайы хаттамалар мен ережелер бар. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде қандай шара қабылдау керектігін жақсы біледі. Дегенмен, дәл қазір мұндай өтініштер немесе белгілер жоқ. Мәселе министрліктің бақылауында тұр», – деп түйіндеді сөзін вице-министр.
Ал Иранда не болып жатыр? Трамп неге Тегеранға тап берді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







