Алматы облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде өтіп, табиғи бұлақ көздерін тазарту және қалпына келтіру жұмыстарына 1500-ге жуық адам қатысты. Бұл игі шара барысында өңірде 300-ден астам ағаш көшеті отырғызылып, бірнеше маңызды бұлақ көзі ашылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданындағы Еңбек ауылында жергілікті халық ауыз су ретінде қолданатын бұлақ толықтай тазартылып, айналасына ағаш отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сол ауданға қарасты Малыбай ауылдық округіндегі Шилі бастау бұлағының бастауы тазаланып, мал суару үшін тиімді жағдай жасалды.
Сонымен қатар, Қаражота ауылдық округіндегі тарихи Диірмен базы бұлағы мен Тауқаратұрық ауылындағы Құртты бұлағының көзі ашылып, су арналары реттелді. Талғар ауданындағы рухани маңызы зор Әлмерек баба бұлағына да ерекше көңіл бөлініп, ол жердің табиғи қалпы жаңартылды.
«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген шатқалында орналасқан «Киелі» бұлағының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызу жұмыстарын өзі бастады.

Облыс басшысы бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының маңызды бір бөлігі екенін атап өтті.
– Ата-бабамыздың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген дана сөзін іске асыру мақсатында бүгін халық болып жұмылдық. Су – тіршіліктің бастауы әрі өңіріміз үшін аса құнды ресурс. Алматы облысының көп елді мекені тау етегінде орналасқандықтан, бұлақтардың әрқайсысы біз үшін стратегиялық маңызды. Бүгінгі тазарту жұмыстарымен ғана шектеліп қалмай, алдағы уақытта да әр бұлақтың басын абаттандырып, тұрақты бақылауда ұстайтын боламыз. Бұл – ортақ іс, баршаңызға алғысым зор, – деді әкім.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әнуар Үскенбаев та акцияға қатысып, халықты суды үнемдеуге және табиғатты қорғауға шақырды. Ол осы акцияның жыл сайын кеңейіп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Акцияға егде жастағы қариялардан бастап, жастарға дейін белсенді атсалысты. Жұмыс нәтижесінде бұлақтар таза суымен тұрғындарға қызмет етіп, жергілікті халықтың шаруашылығына пайдалы болмақ.
«Мөлдір бұлақ» акциясы тек табиғатты тазалау емес, адамның рухани тазаруына да ықпал етеді. Осыған байланысты, Алматы облысында бұл игілікті шара жүйелі түрде жалғасатын болады.
Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні жаңа форматта аталып өтті. Қонаев қаласында өткен мереке «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, ұлттық дәстүр мен заманауи технология үйлесім тапты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







