Кентауда бала тәрбиесіне қатысты маңызды әңгіменің тиегі ағытылды. Қалада өткен мазмұнды семинар-тренингте бала болмысы, ата-ана жауапкершілігі және тәрбие мәдениеті кеңінен сөз болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кентау қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Бала болмысында не бар?» атты кездесуге «Отбасы хрестоматиясы» қорының негізін қалаушы, шығыстанушы, жазушы Санжар Керімбай арнайы қатысты. Жиынға қала әкімі Жандос Тасов, қала прокуроры Назарбай Ибраймолдаев, қалалық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Азамат Сәрсенқұлов, ардагерлер, қалалық мәслихат депутаттары, білім саласының өкілдері, ата-аналар мен оқушылар жиналды.
Кездесудің басты мақсаты баланың ішкі әлемін тереңірек түсіну. Оның сезімі, мұқтажы, табиғи болмысы ескерілгенде ғана тәрбие де нәтижелі болатыны айтылды. Сондай-ақ отбасы мен мектеп арасындағы байланысты күшейту, ересектердің балаға деген қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Жиынды ашқан қала әкімі Жандос Тасов бұл басқосудың маңызына арнайы тоқталды. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы институтын нығайту жолында еңбек етіп жүрген Санжар Керімбайға алғыс білдірді. Сонымен бірге жас ұрпақ тәрбиесі бір ғана отбасының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін айтты.

– Бала біздің болашағымыз ғана емес, ол қоғамның айнасы, ұлттың ертеңгі келешегі. Әр баланың бойында табиғат берген ерекше қабілет, шексіз мүмкіндік пен таза болмыс бар. Сол қасиеттерді дер кезінде танып, дұрыс бағыттау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінгі семинардың негізгі мәні де осында. Бала тәрбиесіне жаңаша көзқарас қалыптастырып, оның ішкі әлемін терең түсіну қажет. Себебі дұрыс тәрбие – елдің жарқын болашағының кепілі, – деді қала әкімі.
Семинар барысында Санжар Керімбай бала тәрбиесіне қатысты көпжылдық ізденісін ортаға салды. Ол әлемдік тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, бала тәрбиесіндегі ең маңызды нәрсе – оның жан дүниесін түсіну екенін атап өтті. Оның айтуынша, әр баланың даралығын құрметтеу, оған сенім арту және мейірімге негізделген орта қалыптастыру – тәрбие ісіндегі негізгі тіректердің бірі.
Контекст
Ашық форматта өткен жиында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Осындай еркін әңгіме әр ата-анаға, әр мұғалімге ой салды. Балаға қарау, оны тыңдау, оның табиғатын түсіну мәселесі көпшіліктің назарын аударды.
Кентауда өткен бұл тағылымды басқосу құр сөзбен шектелген жоқ. Ол қоғамға нақты ой тастады. Отбасы құндылығы әлсіремеуі үшін, өскелең ұрпақ саналы әрі тәрбиелі болып қалыптасуы үшін дәл осындай мазмұнды кездесулер керек екені анық сезілді.
Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасса, ол тек жеке ата-ананың емес, тұтас қоғамның тәрбиеге деген көзқарасын өзгертетін пайдалы алаңға айналары сөзсіз.
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көпқабатты тұрғын үйлер аулаларын тазалауға арналған ерекше экологиялық шара өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







