Жаңа жыл басталса да, Air Astana әуе компаниясы бұрынғы қиындықтардан арыла алмай отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде жолаушылар Air Astana рейстерінің бірнеше сағатқа, тіпті бір тәулікке дейін кешігуіне байланысты жаппай шағымдануда.
Әсіресе Вьетнам мен Таиландта жүрген қазақстандық туристер елге қайта алмай, қиын жағдайда қалған. Сондай-ақ ішкі рейстер бойынша да түйткіл көп. Алматы – Ақтау рейсі бір тәулікке кейінге қалдырылған.
Әуе компаниясының ресми өкілдері рейстердің кешігуін ауа райының қолайсыздығымен түсіндіруде. Алайда орын алған жағдайдың негізгі себебі ұлттық тасымалдаушыда ұшақ тапшылығы болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл жағдай бүкіл әуе қатынасы кестесіне кері әсер етіп отыр.
Қазіргі таңда «Air Astana» әуе компаниялар тобының қазіргі уақытта жалпы флотында шамамен 61–62 ұшақ бар. Бұл құрамға негізгі Air Astana рейстерін орындайтын және бюджетке негізделген FlyArystan бөлімшесінің ұшақтары да кіреді.
Флот заманауи Airbus және Boeing үлгілерінен тұрады, оның ішінде қысқа және орта қашықтыққа арналған Airbus A320/A321 сериясы мен ұзақ сапарларға арналған Boeing үлгілері бар. Осы ретте нақты сан әр уақытта ұшақтардың жеткізілуіне немесе парктен шығарылуына байланысты өзгеруі мүмкін.
Таяуда «Фукуок – Алматы» бағытында ұшқан Air Astana ұшағы техникалық ақауға байланысты әуеге көтерілген әуежайына қайта қонған болатын.
Фото: скрин

