«Таксидің тағы бір агрегаторын құрайық» деген – қате бағыттағы ой. Адамдар неге таксиді таңдайды? Өйткені қоғамдық көлік дамымаған, деп жазды сарапшы Олжас Байділдинов, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы көптен бері жазып келемін. Айта кетсем, такси бағасындағы теңгерімсіздікке де осыдан бірнеше жыл бұрын назар аударған едім: әлемде таксидің орташа бағасы – 1 шақырымға 1 доллар.
Мысалы, Дубай әуежайынан Дубай Маринаға дейін шамамен 35–40 шақырым, жол жүрудің орташа құны 15–17 мың теңге (тіпті 1 доллардан да аз). Бірақ Дубайда сізді Toyota Camry көлігі тасиды, қазан айында АИ-92 маркалы жанармай оларда 4,21 дирхам (522 теңге) болды, өмір сүру деңгейі мен шығындары да әлдеқайда жоғары.
Сонда бізде такси бағасы неге соншалықты шарықтап кеткен?
Жауап іздеп, шекті бағаларды енгізуге, жоғарылатылған коэффициенттерді реттеуге болар еді, бірақ таксиге деген мәжбүрлі сұраныс пен қалаларымыздағы автомобильдер санының өсуінің түпкі себебімен күрескен дұрыс – бұл қолайсыз, баяу, тапшы әрі қауіпсіз емес қоғамдық көлік.
Ол тек мемлекеттік субсидияларсыз нарықтық жағдайда ғана қолайлы бола алады.
Қоғамдық көлікті қалай реформалау қажет?
Ұсыныстарды еске салайын:
- Нарықтық тарифтер;
- Автобус парктері тарапынан ашық бәсекелестік;
- Тікелей және жылдам бағыттар (қазіргідей бүкіл қаланы шарламайтын);
- Жолаушылар тек жүріп өткен аялдамаларының нақты саны үшін төлейді (қазіргідей біркелкі тариф емес).
Алматыда шығынды ақтайтын тариф – 420 теңге (қала әкімдігінің дерегі). 2024 жылы Алматының өзінде қоғамдық көлікті субсидиялауға бюджеттен 100 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы – 115 млрд, 2026 жылы – 123 млрд, 2027 және 2028 жылдары 135 және 149 млрд теңге ($290 және $310 млн) жоспарланған.
«Астанада да көрсеткіштер өсіп келеді: 2024 жылы субсидия 52 млрд теңгені құраса, 2025 жылы – 74 млрд теңге, 2026 жылға 62 млрд теңге көзделген (қыркүйекте тағы 15 млрд теңгеге артты). Такси күнделікті қатынаудың әдеттегі тәсілі болмауы керек. Бұл тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүре алмайтынының дәлелі», – деп атап өтті Олжас Байділдинов.
Көлік санының өсуі мен кептелістер
Президенттің алдағы Жолдауында осы саланы реформалау жөніндегі тапсырма беріледі деп үміттенемін.
Әзірге бәрі бұрын айтқан мына схема бойынша жүріп жатыр: қолайсыз қоғамдық көлік таксиге сұраныс туғызады такси қымбаттайды салдарынан адамдар жеке көлік сатып алуға ұмтылады соның кесірінен жыл сайын кептелісте одан сайын ұзақ тұратын боламыз.
Елімізде автомобильдер саны 6 миллион бірліктен асты, оның ішінде жеңіл автокөліктер – 5 млн 53 мың.
«Осындай қарқынмен жылына 300–400 мың көліктен қосылып, 2029 жылға қарай еліміздің автопаркі кем дегенде тағы 1 миллион көлікке ұлғаяды, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға тиесілі болады. Осы екі ірі қалада қоғамдық көлікті дамытудың нақты реформасы қажет. Жолақы қанша тұруы керек? Өздеріңіз де білесіздер», – дейді сарапшы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







