Жетісу облысында жаңа Конституцияға арналған ерекше мурал салынды. Оның эскизін жасау кезінде жасанды интеллект технологиясы пайдаланылды, деп жазады Ertenmedia.kz.
«Jetisu jastary» мекемесінің ұсынысымен Талдықорған қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің біріне салынған «Ата заңым – айбыным» атты мурал жастардың азаматтық санасын нығайтуға, сонымен қатар заманауи көше өнері арқылы қоғамдағы құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Муралдың ашылу салтанатына аймақ жастары, қоғам белсенділері, шығармашылық қауымдастық өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
– Бұл туынды жаңа Ата Заңымызға арналған. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа Конституцияда жастарға ерекше мән берілген. Ата заңымызда волонтерлік қызмет, ғылым, инновация, жасанды интеллект сияқты жаңа ұғымдар бар. Сондықтан біз муралды заманауи тәсілдермен ұштастыруға тырыстық. Туындыда бірлік, әділеттілік, жауапкершілік және болашаққа сенім сияқты идеялар көрініс тапты, – деді «Jetisu jastary» мекемесінің директоры Шамиль Ванкеев.
Мурал авторы Ернұр Бақбергеннің айтуынша, бұл туынды қоғамдық маңызы бар құндылықтарды заманауи өнер тілімен жеткізу үшін салынған.
– Осындай шығармашылықпен кәсіби түрде 6 жылдан бері айналысып келемін. Осы уақыт ішінде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» тақырыптарында бірнеше мурал салдым. Ал бұл муралдың ерекшелігі – эскизін жасауда жасанды интеллект қолданылды. Бұл технология шығармашылықты заманауи құралдармен ұштастырып, жұмысты жылдам аяқтауға мүмкіндік береді. Мысалы, біздің командамыз муралды небәрі 3 күнде салып бітірді, – дейді жас суретші.
Айта кетейік, бұған дейін де облыстың аудан орталықтарында жастар бастамасымен «Таза Қазақстан», «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» тақырыптарында үш мурал Көксу, Қаратал және Сарқан аудандарында салынған болатын.
Қазіргі уақытта электромобильдер кең таралғанымен, олардың өрт қауіпсіздігіне қатысты кейбір мәселелер бар. Әсіресе, электромобиль батареясының өртенуі қарапайым көліктерге қарағанда әлдеқайда көп суды қажет ететінін тілшілеріміз жазды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







