Алматы облысы Талғар қаласында төрт жыл бұрын басталған негізгі су құбырының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай тұр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жергілікті тұрғындар үшін аса маңызды жобаның жағдайын көзбен көру мақсатында Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов арнайы барды.
Магистраль іске қосылса, Талғардың ескі құбыр желілеріне түсетін салмақ жеңілдеп, қала үздіксіз әрі сапалы ауызсумен қамтылмақ.
Алайда қаржыландырудың кешігуіне байланысты қала халқы әлі күнге дейін тозығы жеткен ескі су жүйесін пайдалануға мәжбүр.
Депутат Максим Рожиннің айтуынша, қазір Талғардағы су қоймасының жалпы сыйымдылығы небәрі 4300 текше метр. Әсіресе жаз кезінде осы көлем тұрғындарға жетпей, қаланың шеткі аудандары сусыз қалады. Жоба толық іске асқанда, қосымша 7600 текше метрге дейін ауызсу жеткізуге мүмкіндік тумақ.
«Жалпы құны 4,6 миллиард теңге болатын жобаны аяқтауға әлі 1,7 миллиард теңге жетпейді. Әсіресе, суды тазалап, хлорлайтын және сапасын бақылайтын зертхана құрылғылары алынбаған. Бұл құрылғылар орнатылмаса, нысан пайдалануға берілмейді. Қажетті қаржы биыл бөлінбесе, құрылыс тағы да созылып, шығын көлемі де арта түседі. Сондықтан облыстық бюджеттен қаржыны жедел бөлу мәселесін көтеріп отырмыз», – деді депутат Рожин.
Талған тұрғындарының жүйкесі жұқарып жүр
Құрылыстың созылуы қаладағы әлеуметтік жағдайға кері әсер етуде. Жазда судың қысымы төмендеп, көпқабатты үйлердің жоғары қабаттарына ауызсу көтерілмейді. Кей аудандарда су белгілі бір сағаттарда ғана беріледі.
Талғар тұрғыны Ахат Солтанқұловтың айтуынша, халық судың тапшылығынан әбден шаршаған.
«Жаз шыға жағдай қиындай түседі. Тоғыз қабатты үйлердің жоғары қабаттарына су жетпей, жұрт қиналып жатыр. Кеңдала мен Ақдала ауылындағы саяжай тұрғындары үшін жағдай тіпті күрделі. Қала халқы күн сайын көбейіп келеді, ал су жүйесі ескі күйде. Енді осы құбырдың тезірек іске қосылуын күтіп отырмыз», – дейді қала тұрғыны.
Депутаттар аталған мәселені стратегиялық маңызды жоба ретінде ерекше бақылауға алғанын жеткізді.
Айтқандай, депутат Еділ Жаңбыршин Маңғыстауды аралап жүр. Мәжілісмен өңірдегі қоқыс мәселесіне алаңдаулы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

