Қырғызстанның саяси алаңында тосыннан басталып кеткен тартыстың түйіні шешілер емес, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиев 13 ақпан күні таң ата Бішкектегі «Манас» әуежайына қонып, ешкіммен тілдеспестен көлікке отырып, белгісіз бағытқа кетті. Бұған дейін Германияда емделіп жатқан саясаткердің елге оралуы оның командасының да, билік өкілдерінің де арасында үлкен сұрақ тудырып отыр.
Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың Қамшыбек Тәшиевті ҰҚК төрағалығынан алып тастауы күтпеген шешім болып көрінгенімен, мұның астарында күрделі саяси ойын жатқаны анық. Мемлекет басшысы бұл әрекетін «мемлекеттің бірлігін нығайту және биліктегі алауыздықты болдырмау үшін қабылданған шешім» деп түсіндіргенімен, іс жүзінде оның сөзі шындыққа мүлдем жанаспайды.
Тіпті президенттің баспасөз хатшысының өзі кейіннен шиеленісті тудырған Тәшиев емес, оның айналасындағы «генералдың жақтастары» екенін мойындап қойды.
Қамшыбек Тәшиевтің қызметтен алынуы қырғыз билігі ішіндегі терең жарықшақтың ашық көрінісі. Германияда ем алып жатқан саясаткер өзіне жасалған бұл әрекетті «күтпеген шешім» деп атап, президенттің еркіне бағынып, оны орындауға дайын екенін мәлімдеді.
Дегенмен саясаткердің бұл мәлімдемесі тек уақытша саяси амнистия тәрізді. Билік дәлізіндегі күрестің әлі аяқталмағанын Тәшиевтің еліне оралуы да растап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Жапаров-Тәшиев тандемінің бұзылуына алдағы президент сайлауының қарсаңындағы саяси технологиялар себеп болған. Мәскеу Қырғызстандағы президенттік сайлау қарсаңында өзінің ықпалын жоғалтудан қорқып, сыртқы күштердің араласуын болдырмау үшін осындай қадамға барған сыңайлы.
Мұны сарапшы Нұрлан Жұмахан да растап отыр. Оның пікірінше, Қамшыбек Тәшиевтің шектен шыққан әдістері қарапайым халық арасында үлкен қолдауға ие болғанымен, билік ішіндегі қарсыластарын көбейтіп жіберген.
– Қамшыбек Ташиевтің биліктен шеттетілгені күтпеген жаңалық емес, бұл әлдеқашан белгілі сценарий. Президенттік сайлау алдында билік алаңын тазарту – посткеңестік елдерде жиі қолданылатын классикалық тәсілдердің бірі. Ал мұндай әдісті жүзеге асыруда Ресейлік саяси технологтардың қолтаңбасы байқалады. Кремль аймақтағы ықпалын күшейту үшін өзінің сенімді адамын орнында қалдыруды көздейді, – дейді Нұрлан Жұмахан.
Шынымен де, Тәшиевтің қолдау тапқан «Робин Гудтық» әрекеттері әділдікке ұмтылған халықтың көңілінен шыққанымен, билік элитасының ұстанымымен ешқашан үйлеспейтіні түсінікті. Алдағы уақытта Тәшиевтің радикалды әдістері оның саяси болашағына кепілдік бола ма, әлде керісінше, бұл оның үлкен саясаттан біржолата аласталуына әкеліп соға ма, мұны уақыт көрсетеді.
Контекст
Бұл жағдайды терең талдай келе, біз мынаны түсінеміз. Халықтың әділетке деген аңсарынан туындаған тұлғалар билік басына келсе де, ерте ме, кеш пе, авторитарлық тәртіптің нығаюына себеп болады.
Мұндай тұлғалар заң мен құқықтық нормаларды ысырып, жеке билік пен күш көрсету арқылы халықты соңынан ертіп әкетеді. Тарих осыны талай рет дәлелдеді. Сондықтан «бізге де Тәшиев сияқты біреу керек» деп аңсау демократияға, заң үстемдігіне, азаматтық қоғамға қарсы жасалған қауіпті қадам.
Алатау байрайындағы саяси дағдарыстың көрші елдерге де беретін сабағы аз емес. Посткеңестік елдерде сайлау институты әлі де формалды сипатқа ие. Халықтың сайлау бюллетені арқылы берген дауысы шын мәнінде шешуші рөл атқармайды, шешімді қабылдайтын билік дәлізіндегі элита мен сыртқы ойыншылар.
Сондықтан шынайы демократиялық өзгерістер жасау үшін халықтың саяси сауатын көтеріп, демократия институттарын нығайту қажет. Бұл авторитаризмнің алдын алудың және тұрақты дамуға жетудің жалғыз жолы.
Бізге жеткен Бішкектегі дереккөздің мәліметінше, Жапаровтың шалт жүрісіне Тәшиевпен арадағы ұрыс-керіс себеп болған. Телефон арқылы тілдескен тандем бір-біріне ауыр сөз айтұаны мәлім болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

