Түркістан облысында алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүруде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі учаскелік референдум комиссиялары тұрғындарға дауыс берудің маңызын түсіндіріп, шақыру қағаздарын таратып жатыр.
Өңірде барлығы 948 референдум учаскесі болса, соның ішінде 26-сы – жабық учаске. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының талаптарына сай ұйымдастырылуда.
Референдумға дайындық бірнеше кезеңнен тұрады. Үгіт-насихат жұмыстары 12 ақпанда басталып, 14 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. 21 ақпанда аумақтық және учаскелік комиссиялардың толық құрамы мен референдум учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтер көпшілікке жарияланады. 22 ақпанда дауыс беруге арналған азаматтар тізімі комиссияларға беріледі.
Ал 27 ақпан мен 4 наурыз аралығында тұрғындарға дауыс беру уақыты мен орны жайында арнайы хабарландырулар таратылады. Бұдан соң, 12–14 наурыз аралығында бюллетеньдер әрбір учаскеге жеткізіледі. Дауыс беру күніне бір күн қалғанда, яғни 14 наурыз – тыныштық күні деп белгіленген.
Өңірлік референдум комиссиясының мүшелері тұрғындарды азаматтық белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға шақыруда. Әрбір дауыс еліміздің болашағына жасалатын маңызды қадам екенін ескертеді. Сондықтан Түркістан облысының жұртшылығын саяси науқанға белсенді қатысуға үндейді.
Түркістанда конституциялық реформаны қолдауға арналған ерекше мурал ашылды. Мурал қаланың басты туристік орталығы Керуен сарай кешені аумағындағы тұрғын үйдің қасбетіне салынған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







