Эндокринолог Ержан Қуанышбайұлы тәттіні ашқарынға жеу инсулиннің бөлінуін бұзып, қант диабетінің қаупін арттыратынын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
– Тамақтану тәртібі бұзылған жағдайда таңертең ағзамыздағы тіндердің инсулинге сезімталдығы ең төмен деңгейде болады, сол себепті зиянды тағамның әсері аздау. Алайда жылдам көмірсуларды тамақтан кейін ғана тұтынған жөн (алдымен таңғы ас, содан соң тәттілер).
Асқазан бос болған жағдайда жылдам көмірсулар тез сіңіп, ағзада инсулин қажетті мөлшерден артық бөлінеді. Егер асқазанда тамақ болса, мұндай құбылыс болмайды, осылайша ағзамыз өз инсулинінің өндірілуін сақтап қалады, – дейді білікті маман.
Дәрігердің айтуынша, инсулин өндірісін сақтау қант диабетінің алдын алу үшін аса маңызды. Сонымен қатар эндокринолог күн ішінде әлсіздік пен бас айналу сезімі байқалып, тәтті жеген соң жақсаратын адамдарға жиірек тамақтануды кем дегенде әр 2,5-3 сағат сайын тамақ ішуді ұсынды. Мұндай белгілер қандағы инсулин деңгейінің төмендеуін білдіреді.
Өз кезегінде дәрігер-диетолог Елена Соломатина қандағы қант деңгейіне байланысты мәселелері бар адамдарға қайнатылған тамыржемістерге (мысалы, картоп немесе сәбізге) әуес болмауға кеңес берді.
Диетологтың айтуынша, термиялық өңдеуден өткен құрамында крахмалы көп өнімдердің гликемиялық индексі (қандағы қант деңгейіне әсер ететін көмірсулардың көрсеткіші) жоғары болады.
– Бір жағынан, пеште пісірілген картоп калийге бай. Ол қан қысымын төмендетеді, ісіктерді азайтып, жүрек жұмысын жақсартады. Екінші жағынан, тіпті қайнатылған картоптың да гликемиялық индексі жоғары болып қалады, – дейді диетолог.
Алайда дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға тамыржемістер кез келген түрде пайдалы екенін еске салды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







