Қарағанды облысындағы Бесқару қорғаныс зауытында түріктің «ОТОКАР» компаниясымен бірлескен жоба қолға алынды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдағы уақытта зауыт базасында танымал «Отокар Тұлпар» атты заманауи шынжыр табанды жауынгерлік машиналар шығарылмақ. Бұл қадам Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібіндегі сыртқы тәуелділікті азайтып, әскери техникаларды өндіруде жергілікті үлесті арттыруға бағытталған стратегиялық бастама ретінде қарастырылып отыр.
Бронды техника дипломатиясы
Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанның Қарағанды өңіріндегі Бесқару зауыты осыған дейін түрік технологиясына негізделген бірнеше бронетехниканың отандық үлгілерін шығарып келген.
Мысалы, сегіз доңғалақты «Taimas» көлігі «OTOKAR Arma 8×8» негізінде жасалса, төрт доңғалақты амфибиялық «Айбар» бронемашинасы әйгілі «Cobra II» көлігіне сүйеніп жасалған. Ал енді шынжыр табанды машиналарды қосу арқылы зауыт толық циклді әскери өнеркәсіп кешеніне айналмақ.
Президент Тоқаевтың айтуынша, жаңа өндіріс ұлттық қорғаныс әлеуетін күшейтіп, Қазақстанды бронды техника экспорты бойынша Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ғана емес, Африка және Азия елдері үшін де маңызды ойыншыға айналдыруы мүмкін. «Бұл жоба тек өнеркәсіптік сипатта емес, елдің қорғаныс қуаты мен экономикалық дербестігіне тікелей қатысты стратегиялық қадам», – деді ол.
Сарапшылардың мәліметіне қарағанда, әзірге нақты қай модель шығарылатыны ресми түрде бекітілмегенімен, көптеген ақпарат көздері «Тұлпар» жауынгерлік жаяу әскер машинасының таңдаулы нұсқасы шығуы мүмкін екенін алға тартады. Егер бұл расталса, Қазақстан Орталық Азияда заманауи шынжыр табан жаяу әскер машинасын жергілікті жерде өндірген алғашқы мемлекет атануы ықтимал.
Отандық қорғаныстың ОТОКАР қадамы
«Отокар Тұлпар» жаңа буындағы, жоғары мобильді әрі броньдау деңгейі жетілдірілген шынжыр табанды машина. Оны Түркияның «OTOKAR» компаниясы қазіргі заманғы механикаландырылған әскер қажеттілігіне сай әзірлеген. Машина STANAG 4569 халықаралық стандартының 5-деңгейіндегі миналар мен баллистикалық шабуылдарға қарсы қорғаныс жүйесімен жарақталған. Сондай-ақ, 720 ат күшіне тең дизельді қозғалтқышымен сағатына 70 шақырым жылдамдықпен қозғала алады.
Аталған техниканың бірнеше модификациясы бар. Стандартты жауынгерлік жаяу әскер машинасынан бөлек, командалық-штабтық, жөндеу-эвакуациялық, миномет орнатылған және танкіге қарсы ракеталық кешендерге бейімделген нұсқалары әзірленген.
Оның ішінде италиялық «Leonardo» компаниясымен бірлесе жасалған, 105 мм-лік HITFIST мұнарасымен жабдықталған жеңіл танк ерекше көзге түседі. Аталған модель танктерге жақын деңгейде тікелей атыс қолдауын қамтамасыз етіп, броньдалған нысандарды, бекіністерді және қарсыластың алыс қашықтықтағы техникаларын жоюға мүмкіндік береді.
Заманауи цифрлық байланыс жүйелері, жылуды бақылайтын тепловизор және озық атысты басқару технологиясымен жабдықталған бұл модификация дәстүрлі танктердің мүмкіндігі шектеулі аймақтарда өте тиімді болып саналады.
Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы бұл бастама Қазақстанның соңғы он жылдағы қару-жарақ сатып алу стратегиясына толық сәйкес келеді. Себебі ресми Астана дайын өнімді сырттан сатып алғаннан гөрі, технология трансферті мен жергілікті өндірісті жолға қоюды басымдық ретінде ұстанып келеді.
«ОТОКАР» компаниясымен серіктестік осы саясаттың жарқын дәлелі. Ал өз кезегінде түрік компаниясы Қазақстан арқылы «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойындағы нарықтарға тиімді әрі стратегиялық тұрғыдан қолайлы шығуға мүмкіндік алады.
Технология трансферті
Қазірдің өзінде Бесқару зауыты жылына 200 бронемашина шығаруға қауқарлы. Кәсіпорын аумағында цифрлық басқарылатын құрастыру желілері, сынақ полигоны және техникалық жөндеу цехтары орналасқан.
2026 жылы зауыт базасында шынжыр табанды машиналарды құрастыру үшін қосымша өндірістік қуаттар салынып, заманауи жабдықтар орнатылады деп жоспарланған. Ал алғашқы сынақ үлгілерін 2026 жылдың төртінші тоқсанында шығару жоспарланып отыр. Қазақстан армиясының далалық сынақтары 2027 жылға белгіленген.
Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, өндірісте жергілікті компоненттердің үлесі алдағы уақытта 60 пайыздан асатын болады. Әзірге электронды жүйелер мен сенсорлар қазақстандық өндірістен алына ма, әлде шетелден жеткізіле ме деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Дегенмен, бұл бағытта да жергілікті өндіріс пен ғылыми база біртіндеп дамытылмақ.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа жоба Қазақстанның қорғаныс қабілетін айтарлықтай арттырып, механикаландырылған әскери бөлімдердің ұтқырлығын қамтамасыз етеді. Әсіресе, бұл техниканың құмды далалар мен таулы жерлерде жедел әрекет ету мүмкіндігі ерекше жоғары бағаланып отыр. Осылайша Қазақстан қорғаныс өнеркәсібінде маңызды қадам жасап, аймақтағы әскери қуаты нығайған мемлекеттердің қатарына қосылуға ниетті.
Желтоқсан айының басында еліміздің Қарулы күштерінің барлық бөлімі жауынгерлік дайындықтың ең жоғары деңгейіне көшекен болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

