2026 жылы Қазақстанда дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биыл ел аумағында жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын ірі энергетикалық жобалар іске қосылмақ. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 2027 жылдың алғашқы тоқсанының соңына қарай еліміздегі энергия тапшылығы толық шешіліп, 2029 жылға қарай электр энергиясының тұрақты профицитіне шығу мүмкіндігі туады.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр еліміз 3,7 млрд киловатт-сағат энергия импорттауға мәжбүр болғанын атап өтіп, осыған байланысты жаңа қуат көздерін іске қосу жұмысын жеделдетуді тапсырған болатын.
Осы тапсырма негізінде биыл Қазақстанда 4 бу-газ қондырғысы (БГҚ), 2 жел электр станциясы (ЖЭС), 4 күн электр станциясы (КЭС) пайдалануға беріліп, сондай-ақ екі электр станциясын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жаңа нысандар жылына шамамен 16 млрд киловатт-сағат электр энергиясын өндіреді.
Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде негізгі рөл бу-газ қондырғыларына берілген. Биыл оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын шешу үшін төрт ірі БГҚ іске қосылады. Мысалы, Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын БГҚ қазірдің өзінде іске қосу-реттеу кезеңінен өтуде. Ал Түркістан облысында қуаты 1 ГВт-ты құрайтын өте ірі бу-газ қондырғысының құрылысы қызу жүріп жатыр.
Бұл ретте Алматы қаласы да назардан тыс қалмады. Елдегі ең ірі мегаполистің ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғыларының құрылысы басталды. Бұл жобалар Алматыны экологиялық таза әрі сенімді энергиямен қамтамасыз ететін болады.
Сонымен бірге өңірлік энергетиканы нығайту үшін Алматы облысындағы «Текелі энергия кешенінде» қуаты 17 МВт жаңа нысан іске қосылады. Ал Атырау ЖЭО-да жалпы қуаты 60 МВт болатын жаңа турбоагрегат пен қазандықтың құрылысы аяқталып, елдің батыс өңірінде де қуат тапшылығы мәселесі шешілмек.
Қазақстан энергия жүйесін әртараптандыру мақсатында жаңартылатын энергия көздеріне де ерекше назар аударып отыр. Биыл еліміздің бірнеше өңірінде жалпы қуаты 245 мегаваттық жаңа ЖЭК нысандары ашылады.
Атап айтқанда, Қостанай облысында 50 мегаваттық «Aspan Energo» және 100 мегаваттық «Гиперборея» атты екі ірі жел электр станциясы іске қосылады. Сондай-ақ Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай және Жетісу облыстарында жалпы қуаты 92 мегаваттық төрт күн электр станциясы жұмысын бастайды. Түркістан облысында болса «ТАУЭНЕРГО» компаниясының шағын гидроэлектр станциясы пайдалануға беріледі.
Жалпы алғанда, биыл іске қосылатын жаңа энергетикалық жобалар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, елдің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады.
Таяуда Энергімин еліміздің 2030 жылға дейінгі көмір генерациясын дамытудың ұлттық жоспарын таныстырғанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

