Конституциялық реформаның тарихи маңызына арналған сараптамалық талдау Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды саяси өзгерістерді талқылауға жиналған университет ғалымдары, тарихшылар мен заңгерлер конституциялық реформаны Ұлы дала мемлекеттілігінің жаңа даму сатысы ретінде сипаттады. Іс-шараны ашқан тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов бұл реформалардың тарихи маңыздылығына баса мән берді. Оның айтуынша, президент бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар адамның мүддесіне бағытталған басқару жүйесін құруға негізделген.
Декан өз сөзінде: «Тарихшылар үшін қазіргі конституциялық өзгерістер Ұлы дала мемлекеттілігі мен әділетті Қазақстан идеясын құқықтық тұрғыда бекітудің жаңа белесі болып табылады. Бүгінгі қабылданған шешімдер – ертеңгі тарихымыздың берік өзегі», – деп нақтылады.
Талқылау барысында профессор Берекет Кәрібаев Конституцияның тарихи сабақтастығын ерекше атап өтті. Ол ежелгі дала демократиясының қағидаттары мен қазіргі конституциялық реформалар арасындағы ұқсастықтарды мысалға келтірді. Профессордың айтуынша, бұл тарихи сабақтастық мемлекеттің ішкі тұрақтылығының кепілі саналады.
Профессор Аманжол Қалыш болса, конституциялық реформаның халық өкілдігі институттарына әсеріне тоқталды. Әсіресе Ұлттық құрылтайдың жаңа мәртебесі туралы сөз қозғады. Оның пікірінше, Ұлттық құрылтайдың Конституция аясында нығайтылған мәртебесі халықтың саяси процестерге белсенді қатысуына жол ашып, билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейтеді.
Кездесу барысында қатысушылар «Алаш» қозғалысының идеялары мен бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының үндестігіне ерекше назар аударды. Олар қазіргі конституциялық өзгерістер тек билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті орнатуға емес, мемлекет пен азаматтар арасындағы сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімнің қалыптасуына да ықпал етеді деген ортақ тұжырымға келді.
Ғалымдар талқылауды қорытындылай келе, конституциялық реформа Қазақстан мемлекеттілігін дамытудың маңызды қадамы екенін атап өтті. Тарихи тәжірибе мен заманауи қажеттіліктерді үйлестірген бұл реформа елдің демократиялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

