Қазақстан Таяу Шығыстан шыға алмай қалған азаматтарын эвакуациялауды жалғастыруда. Операция басталғалы бері 8585 адам елге жеткізілді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әзір еліміздің дипломатиялық өкілдіктері аймақтағы азаматтармен тұрақты байланыста болып, олардың елге аман-есен оралуын қамтамасыз етіп отыр.
Соңғы күндері Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев израилдік әріптесі Гидеон Саармен телефон арқылы сөйлесті. Министрлер өңірдегі ахуалды және екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылаған екен.
Көшербаев Израиль тарапынан елдегі қазақстандықтарды эвакуациялауға көмек көрсетуді сұраған. Израиль тарапы мәселені тез арада шешуге барынша күш салатынын жеткізіпті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сыртқы істер Таяу Шығыс елдеріндегі қақтығыстар мен әуе кеңістігінің жабылуына байланысты қазақстандықтарды осы аймаққа сапарламауды ескерткен еді. Ал қазір аймақта жүрген азаматтарға жергілікті биліктің талаптарын орындап, қауіпті жерлерге бармау, сақтық шараларын күшейту және Қазақстан елшіліктерімен тұрақты байланыста болу ескертілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







