Алматы облысында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында, Наурыз мерекесіне орай «Табиғат қанатында – Taza Life» экологиялық акциясы басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл бастама табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Акция өңір жастарын нақты іске жұмылдырып, қоршаған ортаға жанашырлық танытудың нақты үлгісіне айналып отыр.
Іс-шара барысында Қонаев қаласының оқушылары мен колледж студенттері орман шаруашылығы мамандарының жетекшілігімен өз қолдарымен құс ұяларын жасап, оларды әлеуметтік нысандар аумағына орнатты.
Бұл әрекет арқылы жастар тек құстарға жағдай жасап қана қоймай, табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын тәжірибе жүзінде көрсетті. Көктем мезгілінде құстарға қолайлы орта қалыптастыру экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді.
Акцияның басты мақсаты жастар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және қоғамды осы бағыттағы жұмыстарға кеңінен тарту.
Сонымен қатар, бастама жас ұрпақтың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, туған жерге деген жанашырлық сезімін нығайтуға бағытталған.

Жоба облыстың 9 ауданы мен 2 қаласын қамтиды. Нәтижесінде өңір бойынша 1 мыңға жуық құс ұясы орнатылады.
Іс-шара аясында орман шаруашылығы мамандары қатысушыларға құстардың тіршілігі, олардың табиғаттағы рөлі және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жастардың экологиялық білімін арттыруға мүмкіндік берді.
Акцияны Алматы облыстық жастар ресурстық орталығы, білім басқармасы және орман шаруашылығы мекемелері бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
«Табиғат қанатында – Taza Life» акциясы бір реттік шара емес. Бұл – қоғамда экологиялық сананы қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Осындай қадамдар арқылы табиғатты аялау мәдениеті күшейіп, келешек ұрпаққа таза орта қалдыруға мүмкіндік артады.
Алматы облысында саяжай алқаптарын қала мен ауыл елді мекендерінің құрамына енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







