Ирандағы соғыстың экологиялық зардаптары алдағы ондаған жыл бойы сезілуі мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылардың айтуынша, зымыран соққылары мен мұнай қоймаларындағы жарылыстар салдарынан ауаға таралған улы заттар миллиондаған адамның денсаулығына қатер төндіруде. Бұл зиян тек Иран аумағымен шектелмейді, көршілес елдерге де таралу қаупі жоғары.
Британдық CEOBS үкіметтік емес ұйымының дерегінше, қақтығыс басталғаннан бері қоршаған ортаға зиян тигізген 300-ден астам қауіпті оқиға тіркелген.
Ең ірі экологиялық апаттардың бірі Тегерандағы мұнай қоймаларына Израильдің жасаған соққысынан кейін болды. Бұл аймақта қала маңындағы елді мекендерді қоса есептегенде 18,5 миллиондай адам тұрады. Одан кейінгі жауын-шашын жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.
Физик Димитрис Каскаутистің айтуынша, мұнай өрттері мен жаңбырдың үйлесуі адам денсаулығына қауіпті жағдайды одан сайын күшейткен.
«Мұндай жағдайда улы заттар жаңбыр суымен араласып, адам ағзасына оңай еніп, жүйке жүйесіне, қан айналымына тез тарайды. Нәтижесінде бүйрек, бауыр секілді маңызды ағзаларға ауыр зиян тигізуі мүмкін», – дейді ғалым.
Немістің Der Spiegel журналы да соғыстың мәдени салаға тигізген зардаптарын атап өтті. Иранның Мәдениет министрлігі жариялаған ақпаратқа сәйкес, соғыстың алғашқы екі аптасында кем дегенде 56 музей мен тарихи орын зақымданған. Әсіресе XVI ғасырда салынған Голестан сарайы сияқты 19 мәдени нысан бүлінген Тегеран қаласы айтарлықтай зиян шеккен.
Иран АҚШ пен Израиль тарапынан жасалған қысымға қарамастан, Қытайға мұнай экспортын тоқтатпай жалғастыруда. Тегеранның бұл әрекеті АҚШ әкімшілігінің экономикалық қысым жасау жоспарына үлкен соққы болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







