Астанада бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан JOLTAP жобасы тұрғындардың жаңа дағдыларды игеруіне, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеруіне және табысын арттыруына мүмкіндік беріп отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жобаға қатысып, кәсіби біліктілігін арттырған Наурызбек Утин JOLTAP арқылы өмірінің қалай өзгергенін айтып берді. Бастапқыда ол бұл жобаның шын мәнінде тегін екеніне сенбеген. Алайда модульдік кеңсеге барып, оқу жүйесін көрген соң, бірден курстарға жазылған.
– Алғашында мұндай тегін курс сапасыз, тек үстіртін болады деп ойладым. Бірақ сабақтардың нақты стандарттарға сәйкес, кезең-кезеңімен сапалы өткізілетінін байқадым. Оқытушылар өте білікті, әр сұраққа мұқият жауап береді, қолдау көрсетеді, – дейді Наурызбек.
JOLTAP жобасында ол бірнеше бағытты қатар игерген газ-электр дәнекерлеуші, жиһаз жасау және сату менеджері. Әрбір курс небәрі 10 күнге созылғанымен, оқу материалы қарапайым, әрі түсінікті түрде берілгендіктен, ешқандай қиындық тудырмаған.
– Бұл жобаға міндетті түрде қатысуға кеңес беремін. Себебі мұнда тек білім беріп қана қоймай, жұмысқа орналасуға да нақты көмектеседі. Оқытушылар күн сайын бос жұмыс орындарын чатқа салып тұрады. Курс біткен соң да байланыста болып, жол сілтеп отырады. Мұндай қолдау кез келгенге бұйыра бермейді, – дейді жоба түлегі.
Наурызбек жобаға дейін алюминий қалқандар мен тамбур жасаумен айналысқан екен. Курстарда алған білім мен тәжірибесі оған кәсібін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген.
«JOLTAP-тан алған дағдыларымды өз ісімде тиімді қолданып жүрмін. Қазір алюминий есік-терезелерді монтаждау мен орнатумен айналысамын. Бұл кәсіппен екі жылдан бері табысты жұмыс істеп келемін», – деп атап өтті ол.
Наурызбек Утиннің тәжірибесі JOLTAP жобасының тиімділігі мен әлеуметтік маңызын айқын дәлелдейді. Бұл жоба тек жаңа білім беріп қана қоймай, адамдардың кәсіби тұрғыда дамуына, нақты мамандық игеруіне және еңбек нарығында өз орнын табуына шынайы қолдау көрсетіп отыр.
Айтқандай, тілшілеріміз 2025 жылы елорда экономикасына 2,5 триллион теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

