Алматы облысында биыл ауыл шаруашылығы саласында жаңа рекорд тіркелді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аймақтағы шаруалар жалпы құны 8,5 миллиард теңгеге 490 дана заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жоспарды алғаш рет толық орындады.
Өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғары: мәселен, 2023 жылы 431 техника, ал 2024 жылы 437 техника алынған болатын. Биылғы нәтиже ұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш, бұл өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының қарқынды даму жолына түскенінің нақты дәлелі.
Облыс фермерлері техниканы негізінен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингтік жүйемен сатып алды. Бұл қаржы механизмі шаруалар үшін аса тиімді болып отыр. Себебі лизинг арқылы жаңа техника қолжетімді шарттармен беріліп, шаруашылықтардың егіс және жинау жұмыстарын уақытында әрі сапалы атқаруына мүмкіндік жасалды.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев биылғы жетістікті агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуының айқын дәлелі деп бағалап отыр.
– Ауыл шаруашылығын дамытудағы басты бағыттардың бірі техниканы тұрақты жаңарту арқылы өнімділікті арттыру, еңбек тиімділігін көтеру. Биылғы көрсеткіштер осы жұмыстың нақты нәтижесі. Біздің міндетіміз фермерлерді қолдауды күшейтіп, техникалық паркті үнемі жаңғыртып отыру арқылы өңірдің ауыл шаруашылығын одан әрі дамыта беру, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа техникалардың шаруашылықтарға жеткізілуі егін және мал шаруашылығының дамуына үлкен серпін беріп, шаруалардың күнделікті жұмысын жеңілдетуге жол ашады. Бұл өз кезегінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл экономикасының өсуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Соңғы жылдары Алматы облысы аграрлық аймақтан өңдеу өнеркәсібінің орталығына айналып келеді.

