Қазақстан жақында жасанды интеллект бойынша Ұлттық тұжырымдама қабылдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Стратегиялық мәні зор құжат 2024-2029 жылдар аралығында елімізде жасанды интеллект саласының дамуын айқындап, құқықтық, технологиялық және ғылыми негіздерді қалыптастыруға бағытталған.
Алгоритм мен саясат
Әлемде жасанды интеллектіні ұлттық дамудың басты драйвері ретінде қарастырып, арнайы концепция қабылдаған мемлекеттер санаулы ғана. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның бастамасы цифрлық дербестік пен ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуды көздейтін маңызды қадам. Осы ретте журналист Индира Тұрсынбайдың ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевпен сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
– Досжан Уалдинұлы, Қазақстан цифрлық даму бойынша әлемдік лидерлердің бірі саналады. Бірақ біз тек тұтынушылық қолданыс аясын ғана білеміз. Тағы қандай салаларды дамытуымыз қажет?
– Жасанды интеллект бүгінде экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Цифрлық технологиялардың көмегімен елімізде кен өндіру, энергетика, металлургия, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында елеулі өзгерістер жүріп жатыр.
Өндірістегі процестер толық автоматтандырылып, тиімділігі артты. Ауыл шаруашылығында спутниктік деректер арқылы жер мен су ресурстарын оңтайлы пайдалану қолға алынған. Денсаулық сақтау саласында да жасанды интеллект ауруларды ерте кезеңде анықтап, диагностика сапасын көтеруде.
Сонымен қатар, еліміздегі Астана Хаб технопаркінде қазірдің өзінде 1800-ден астам ІТ-компания жұмыс істейді. Олар экономиканың жаңа драйвері ретінде Қазақстанның цифрлық өнімдерін экспорттап, әлемдік нарыққа шыға бастады. Демек, цифрландыру тек мемлекеттік қызметте ғана емес, өндіріс пен медицинадан бастап ауыл шаруашылығына дейін барлық салада дамып жатыр.
Өндіріс, медицина, қауіпсіздік
– Жаңа ІТ саласы экономиканың бір бөлшегіне айналды деп айтып отырсыз. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі қандай, болашақта бұл көрсеткіш қалай өзгеруі мүмкін?
– Соңғы уақытта еліміздің ІТ саласында маңызды жетістіктерге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Қазақстандық «Hixveld AI» стартапы құны 1 миллиард доллардан асып, халықаралық деңгейде мойындалған алғашқы отандық ІТ-компания атанды. Осындай жетістіктер ел экономикасындағы цифрлық сектордың үлесін одан әрі арттыруға ықпал етеді.
– Қазақстанның жасанды интеллект бойынша ұлттық стратегиясының басым бағыттары қандай? Алдымен қандай салалар цифрландырудың локомотивіне айналуы мүмкін?
– Ұлттық жасанды интеллект тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамыту. Қазақстан жуырда әлемдегі ТОП-500 суперкомпьютерлер рейтингіне еніп, 86-орынға жайғасты. Орталық Азиядағы үздік нәтиже.
Қазіргі уақытта елімізде бірнеше қуатты суперкомпьютер жұмыс істейді. Осының арқасында Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабқа айналуды көздеп отыр. Қазақстандық мамандар жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшылармен белсенді серіктестік орнатты.
АҚШ-тағы сапар барысында NVIDIA, OpenAI және Groq сынды ірі технологиялық компаниялармен маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер жасанды интеллект саласында білім беруді, кадр даярлауды және инфрақұрылымды жетілдіруді мақсат етеді. Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталық Қазақстанда салынады. Мұндай орталық елімізге цифрлық дербестік беріп қана қоймай, өңірдегі деректер қауіпсіздігінің негізгі кепіліне айналуы мүмкін.
Дата-орталық пен дербес стандарт
– Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталықтың Қазақстанда салынатыны туралы айттыңыз. Демек, елімізде ауқымды деректер сақталатын болады. Ал бүгінде Қазақстанда киберқауіпсіздік мәселесі өткір тұр. Мұндай жағдайда көршілеріміз бізге қаншалықты сенім артады?
– Елдегі цифрландыру деңгейі артқан сайын, киберқауіпсіздік мәселелері де күшейе түсуде. Қазақстан ТМД елдері арасында кибершабуылдар саны бойынша үшінші орында тұр.
Сондықтан Үкімет ақпараттық қауіпсіздік саласында арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердегі ақпараттық жүйелерді тәулік бойы бақылайтын KazTech платформасы іске қосылады. Бұған қоса, бұрынғы кибергигиена ұғымын «кибермәдениет» ұғымына ауыстырып, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға басымдық беріледі.
Қазір әлемде цифрлық кеңістіктің түрлі стандарттарға бөліну үрдісі байқалады.
АҚШ, Еуропа, Қытай және Азия елдері өз стандарттарын қалыптастырып жатыр. Қазақстан бұл үдерісте өзіндік дербес ұстанымда болады. Еліміз барлық тараптармен тең қарым-қатынас орнатып, әлемдік цифрлық кеңістіктегі көпір болуға ұмтылуда. Болашақта осындай көпір рөлін атқара алатын мемлекеттерге сұраныс жоғары болмақ.
Жалпы, Қазақстанның ұлттық жасанды интеллект тұжырымдамасын қабылдауы технологиялық тұрғыдан ғана емес, стратегиялық әрі геосаяси жағынан маңызды қадам. Еліміз алдағы уақытта цифрлық дамыған, әлемдік аренада өз орнын нақты белгілеген мемлекеттердің қатарына қосылады деп сенеміз.
Айтпақшы, еліміздің әскери институттарда дрон, киберқауіпсіздік және логистика оқытыла бастады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

