Соңғы кезде қазақстандықтар бағалы металдарға, әсіресе алтынға көбірек қызыға бастады. Алайда алтынның тасасында қалған күміс соңғы жылдары әлдеқайда тиімді инвестиция ретінде танылып келеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Күміс соңғы бір айдың ішінде шамамен 12%-ға қымбаттаса, бір жылдың ішінде 150%-дан астам өскен. Бүгінде оның бағасы бір унциясы үшін 85-87 доллар шамасында саудаланып жатыр. 2026 жылғы 10 наурызда тіпті 90 доллардан асып, инвесторлардың назарын қайта аударды.
Әуелде күміске көбіне зергерлік бұйым немесе қарапайым инвестиция құралы ретінде қарайтын. Алайда соңғы жылдары сұраныс құрылымы өзгерді. World Silver Survey зерттеуіне сәйкес, әлемдегі күмістің шамамен 59%-ын өнеркәсіп тұтынады. Ол электроника, күн панельдері, электромобильдер және дата-орталықтардың инфрақұрылымында кеңінен қолданылады.
Сондықтан металл бағасы технология саласының дамуына тікелей байланысты болып келеді. Оған қоса, күмістің өндірісі шектеулі. Күміс көбіне мыс, қорғасын және мырыш өндіру кезінде қатар шығарылатын қосымша өнім болғандықтан, оның көлемі басқа металдардың нарығына да тәуелді.
Зерттеулер бойынша, әлемде жылына шамамен 820 млн унция күміс өндіріледі. Тағы 170–180 млн унциясы қайта өңделіп, жалпы нарыққа 1,02 млрд унция (шамамен 31,7 мың тонна) күміс жеткізіледі. Соған қарамастан, соңғы бес жылда нарықтағы ұсыныс сұраныстан артта қалып отыр. 2024 жылы бұл тапшылық 148,9 млн унцияға жетуі мүмкін.
Баға динамикасы бойынша күміс алтынмен тығыз байланысты. Екі металдың соңғы он жылдағы бағаларының корреляциясы – 0,92 шамасында. Яғни, алтынның бағасы өскен кезде күміс те әдетте қымбаттайды. Бірақ күмістің сезімталдығы жоғарырақ: алтын 1%-ға қымбаттаса, күміс бағасы орташа есеппен 1,5%-ға өседі.
«Академия управления капиталом» инвестициялық орталығының сарапшысы Патрик Монтес-де-Оканың айтуынша, алдағы уақытта күмістің унциясы 91 және 95 доллар деңгейлеріне дейін көтерілуі мүмкін. Тіпті бұл шектен асып, 105 долларға жетуі ықтимал.
Қазақстандық қаржы сарапшысы Тұрар Әбді бағалы металдардың қымбаттауын әлемдегі ірі елдердің өз резервтерін әртараптандыруымен байланыстырады. Қытай мен Үндістан, сонымен қатар Қазақстан Ұлттық банкі де алтынды көбірек сатып алып жатыр. Бұл бір елдің валюталық саясатына тәуелділіктен құтылудың бір жолы саналады.
Маман ойы:
Сарапшы Тұрар Әбді алтынды портфельдің сенімді тірегі ретінде, ал күмісті агрессивті әрі пайдасы жоғарырақ актив ретінде қарастыруды ұсынады. Оның айтуынша, портфельдегі алтын мен күмістің оңтайлы үлесі тәуекелді азайтып, жақсы табыс әкелуі мүмкін.
– Алтын портфельдің қорғаныш құралы. Ал күміс табысты өсіруге бағытталған, бірақ құбылмалылығы жоғары актив. Сондықтан эмоцияға берілмей, бірден емес, біртіндеп сатып алған тиімді. Портфельде металл жоқ болса, 10-15%-дық шағын бөліктермен жинақтаған дұрыс, – дейді Тұрар Әбді.
Қорытындылай келе, сарапшылар алтын мен күмістің теңгерімді үйлесімі инвесторларға тұрақтылық пен табысты бірге әкелетін «алтын орта» екенін айтады.
Айтқандай, WhatsApp мессенджерінде енді 13 жасқа дейінгі балалардың да жеке аккаунтын ашып, қолдануына рұқсат берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







