Қазақстанда смартфондар мен мобильді құрылғыларды верификациялау тәртібі заң жүзінде бекітілетін болды. Бұл туралы экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тапсырма берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Үкімет отырысында мобильді құрылғыларды тіркеу және олардың деректерін сәйкестендіру базасына енгізу мәселесі жан-жақты қаралды. Негізгі мақсат смартфондар мен басқа да мобильді техниканың айналымын қатаң бақылауға алып, бұл салада ашықтық пен тәртіп орнату.
Жиында баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл шаралар «Телекоммуникациялар және деректерді өңдеу орталықтары нарығын дамыту туралы» заң жобасы аясында іске асырылатынын жеткізді.
Жаңа өзгерістер смартфондарды тіркеу жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, құрылғылардың сәйкестендіру базасына дұрыс енгізілуіне жағдай жасайды. Сондай-ақ бұл қадам цифрлық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуіне және мобильді құрылғылар нарығын тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Үкімет жаңа заң жобасы арқылы мобильді құрылғыларды верификациялау процедурасындағы құқықтық олқылықтарды жойып, бұл процесті бизнес пен тұтынушылар үшін де түсінікті әрі ашық етуді көздеп отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне мобильді құрылғыларды верификациялауға қатысты қажетті заңнамалық түзетулерді дайындауды тапсырды. Осылайша смартфондарды тіркеу мәселесі ресми түрде заңнамалық реттеу деңгейіне көтеріліп, цифрлық саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
Сонымен қатар, үкімет отырысында денсаулық сақтау саласын цифрландыру да сөз болды. Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тізімдеріне енгізу мен амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыру процесін жеделдетуді тапсырды. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жеңілдетіп, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған шара.
Қазақстан Ұлттық банкі валюталық реттеу және бақылау ережелеріне ауқымды өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер 2026 жылдың 19 сәуірінен бастап күшіне енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







