Қазақстанда көлік жүргізушілерінің телефон пайдалануына қатысты заң нормалары ескірген. Бұл ереженің нақты болмауы жемқорлық тәуекелдерін арттырып, құқық қорғау органдарының заңды өз бетінше түсіндіруіне мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
12 наурыздан бастап елімізде көлік жүргізушілеріне телефонмен сөйлескені немесе қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін автоматты түрде айыппұл салынады. ІІМ мамандары бұл айыппұлдарға қатысты нақты статистика шығаруға әлі ерте дейді, дегенмен автокөлік иелері алаңдаулы.
Тіпті әлеуметтік желілерде жүргізушілер телефондарын жасырудың әзіл түріндегі түрлі тәсілдерін ұсына бастаған. Біреулер смартфонды бас киіммен бүркемелесе, кейбірі шағын қолшатыр арқылы құрылғыны камерадан жасыруға тырысуда. Автоэксперттер мұндай әдістер айыппұлдан құтқармайтынын, керісінше, қосымша кедергі тудыратынын ескертеді.
Заңгер Сайкен Айсиннің айтуынша, жолда телефон пайдалануға тыйым салатын ереже ескірген. Ол ереже смартфондар емес, қарапайым батырмалы телефондар кең қолданыста болған 18 жыл бұрын қабылданған.
– Ол заманда телефондар тек сөйлесу мен SMS-хабарлама жіберуге арналған. Ал бүгінгі смартфондар навигация, такси мен курьерлерге тапсырыс қабылдау секілді өте маңызды қызметтерді атқарады. Кейде жүргізушілер тіпті ауа райы нашарлағанда жолды жақсы көру үшін де телефон қолданады, – дейді заңгер.
Сонымен қатар, сарапшы полиция қызметкерлерінің өзі де көлік жүргізу барысында рация қолдану арқылы ережені бұзып жүргенін атап өтті. Бұл өз кезегінде заңның нақты емес тұстарын ашып көрсетеді. Мұндай түсініксіздік жемқорлық тәуекелдерін туындатуы мүмкін.
– Қазіргі кезде ІІМ телефонды қалай қолдануға болатынын, қай жағдайда айыппұл салынатынын өздері түсіндіріп жатыр. Шын мәнінде, мұның барлығы заңда нақты жазылуы керек. Әйтпесе айыппұл дауланған жағдайда, судья немесе құқық қорғаушы өз қалауы бойынша шешім қабылдауы мүмкін, – дейді автоэксперт Алексей Алексеев.
Бұған дейін полиция өкілдері айыппұл алмау үшін телефонды арнайы ұстатқышқа бекіту керектігін түсіндірген еді. Ең бастысы, телефонды көлік жүргізу кезінде және қысқа уақытқа тоқтаған кезде қолда немесе құлақта ұстамау қажет. Дегенмен бұл түсіндірмелер де жеткілікті деңгейде анық болмай тұр. Осыған байланысты заңгерлер мен сарапшылар әкімшілік кодекске тиісті түзетулер енгізуді ұсынып отыр.
Алматы қаласының газ жүргізілген аудандарында қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынатын болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







