Қазақстан Ұлттық банкі теңге бағамындағы соңғы өзгерістерге талдау жасады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, желтоқсан айының қорытындысы бойынша ұлттық валюта АҚШ долларына қатысты 1,3 пайызға нығайып, бір доллар үшін 505,73 теңге деңгейінде тұрақтады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) күнделікті орташа сауда көлемі де айтарлықтай өсіп, 280 миллион доллардан 359 миллион долларға жетті. Ал жалпы сауда көлемі желтоқсан айында 7,9 миллиард долларды құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша теңге бағамы жалпы алғанда 3,7 пайызға нығайған. Осылайша бір жыл ішінде валюта бағамы 525,10 теңгеден 505,73 теңгеге дейін төмендеді. Бір жылдағы валюталық сауданың жалпы көлемі 63 миллиард долларды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға өскен.
Желтоқсан айында Ұлттық банк валюта нарығында интервенция жүргізген жоқ. Алайда республикалық бюджетті толықтыру мақсатында және «Талдықорған-Үшарал» магистральды газ құбырын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 400 миллион доллар сатылған. Бұл көрсеткіш айлық сауда көлемінің шамамен 5 пайызын немесе тәулігіне 18 миллион долларды құрайды. Жалпы 2025 жылы Ұлттық қордан сатылған валютаның көлемі 8,2 миллиард доллар болды.
Ұлттық банк интервенциясыз-ақ теңгені тұрақтандырды
Ұлттық банктің болжамынша, 2026 жылдың қаңтарында бюджет трансферттерін конвертациялау мақсатында Ұлттық қордан шамамен 350-450 миллион доллар сату жоспарланып отыр. Желтоқсанда нарықтағы артық теңгені залалсыздандыру («айна операциясы») аясында 475 миллиард теңге стерилизацияланды. Мұндай шара жыл бойы жалғасып, 2025 жылы алтын-валюта резервтерінен барлығы 7 миллиард доллар сатылған.
Анықтама ретінде айта кетсек, «айна операциясы» Ұлттық қордан валютаны сатудан кейін экономикада пайда болатын артық теңгені қайтарып алуға бағытталған механизм. Бұл тәсіл инфляция мен валюта бағамына қысымды азайту үшін қолданылады.
2026 жылдың бірінші тоқсанында артық теңге көлемін шектеу мақсатында шамамен 1,1 триллион теңгеге балама шетел валютасын сату жоспарлануда. Сонымен қатар, 2025 жылғы желтоқсанда квазимемлекеттік сектор компаниялары валюталық түсімдерін міндетті түрде сатуы нәтижесінде нарыққа шамамен 315 миллион доллар қосымша түскен.
Желтоқсанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліне қосымша доллар сатып алу жүргізілмеген. Қордың валюталық активтерінің үлесі 40 пайыздан асқандықтан, қаңтарда да доллар сатып алу жоспарланбайды.
Ұлттық банк өкілдері жақын арада теңгенің бағыты нарықтағы қатысушылардың күтімдеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, жаһандық нарықтардағы жағдайға және геосаяси ахуалдың өзгеруіне тікелей байланысты болатынын айтты.
Еске салсақ, 2025 жылдың 28 қарашасында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыз деңгейінде сақтап қалған болатын. Осы шешімнен кейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы биржада айтарлықтай нығая түскен еді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қарашада коммуналдық тарифтердің қайта көтерілуі мен жанармай нарығындағы бағаның ырықтандырылуы инфляциялық қысымды қайта күшейткенін айтқаны есімізде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

