Күнделікті өмірде адам түрлі жеңіл-желпі ауру сезімдерін бастан кешіреді. Әдетте, біз оларды елемей, ауруды басатын дәрілер қабылдап, сырқаттың бетін қайтаруға тырысамыз. Кейде дәрігерге тек жағдайымыз мүлде нашарлап кеткенде ғана жүгінеміз. Дегенмен медицина мамандары кейбір белгілердің денсаулыққа ғана емес, өмірге де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Осы ретте терапевт, кардиолог әрі гастроэнтеролог Александр Осташков «міндетті түрде назар аударуды қажет ететін» 8 қауіпті симптомды атады:
Күшті әрі кенеттен басталған ауырсыну
Ағзадағы қатты ауырсыну ешқашан себепсіз пайда болмайды. Мысалы, іштің жоғарғы бөлігіндегі, сол жақ қабырға астына қарай таралатын, арқаға берілетін, шыдатпайтын ауырсыну – өткір панкреатиттің белгісі болуы мүмкін. Бұл ауру дереу ем қабылдауды қажет етеді, өйткені ол өмірге үлкен қауіп төндіреді.
Сол сияқты, кіндік айналасында шоғырланған өткір ауырсыну, жүрек айнуы мен құсу белгілері – аппендицитті көрсетеді. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге қаралу қажет. Ал кеудедегі өткір ауырсынулар жүрек ауруларының, оның ішінде инфаркттың белгісі болуы ықтимал.
Ентігу немесе тыныс алудың қиындауы
Тыныс алудың қиындауы астма, аллергия немесе жүрек ауруларының белгілері болуы мүмкін. Мұндай симптомдар ағзада оттегінің жетіспеушілігіне әкеледі. Сондықтан тынысыңыз тарылып, толық дем ала алмасаңыз, дереу жедел жәрдем шақыртыңыз.
Көру, сөйлеу және қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуы
Көздің бұлдырап көруі, сөйлеудің анық болмауы немесе дене қозғалысын басқарудың қиындауы – инсульт немесе басқа да ауыр неврологиялық аурулардың белгісі болуы мүмкін. Мұндай симптомдармен қатар жиі бас ауруы, дененің бір жағының ұйып қалуы байқалады. Бұл кезде әрбір минут маңызды, сондықтан уақыт жоғалтпай жедел көмек шақыру қажет.
Балтырдың артқы бөлігіндегі ауырсыну
Бұл симптом аяқтың терең тамырларындағы тромбозды (тромбофлебит) білдіруі мүмкін. Бұл аурудың ең қауіпті асқынуы – өкпе артериясының тромбоэмболиясы (ТЭЛА). Оның негізгі белгілері – аяқтың ісінуі, қызаруы және ауырсынуы. Егер осындай белгілер байқалса, бірден дәрігерге қаралыңыз.
Зәрде немесе құсықта қанның пайда болуы
Зәрде немесе құсықта қан байқалса, бұл асқазан жарасы, бүйректегі тас, ісік немесе ішкі қан кету сияқты ауыр патологиялардың белгісі болуы мүмкін. Мұндай жағдайда медициналық көмекке дереу жүгінген жөн.
Дененің қышынуы
Бүкіл дене бойына таралған қышыну аллергияның, дерматиттің немесе бауыр ауруларының белгісі болуы ықтимал. Егер қышынумен қатар теріде бөртпе, ісік немесе басқа да белгілер пайда болса, бұл одан да ауыр аурудың белгісі. Мұндай жағдайда дәрігерге қаралуды кешіктіруге болмайды.
Талып қалу (есінен тану) және тырысулар
Бұл белгілер эпилепсияның, жүрек ауруларының немесе зат алмасудың бұзылуының салдары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда міндетті түрде жедел жәрдем шақыру керек.
Ұзақ уақыт бойы зәрдің шықпауы
Зәр шығарудың тоқтап қалуы бүйрек, қуық немесе ағзадағы сұйықтық жетіспеушілігінің салдары болуы ықтимал. Қалыпты жағдайда адам тәулігіне кемінде 4-6 рет зәр шығаруы керек. Егер 12 сағаттан астам уақыт бойы дәрет сындыру мүмкін болмаса, бұл – шұғыл түрде дәрігерге барудың белгісі. Егер бұған сусыздану немесе басқа да белгілер қосылса, жедел жәрдем шақыру қажет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







