Жетісу облысында бірнеше ай бойы тұрғындардың тынышын кетірген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде өңірде пәтер ұрлығымен айналысқан 29 және 35 жастағы екі ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 2026 жылдың 19 наурызына дейін 13 қылмыс жасаған.
Ұрлық жасалған аудандардың географиясы кең:
Ескелді ауданы – 6 дерек;
Көксу ауданы – 2 дерек;
Алакөл ауданы – 3 дерек;
Ақсу ауданы – 2 дерек.
Қылмыскерлер барлық жағдайда бір тәсілді қолданған: үй иелері жоқ кезде пластик терезелерді бұзып, ішке еніп отырған.
Ұрылардың жалпы келтірген шығыны шамамен 23 миллион теңгені құрайды. Ұсталған кезде күдіктілерден ұрланған алтын бұйымдар айғақ ретінде тәркіленген.
«Бөтеннің мүлкіне көз тіккендер міндетті түрде жазасын алады. Біз әрбір қылмыстық істі жүйелі түрде бақылап, соңына дейін жеткіземіз. Халықтың қауіпсіздігі басты міндетіміз. Мұндай қылмыстардың ешқайсысы жазасыз қалмайды», – деді Жетісу облысы криминалдық полиция басқармасының бастығы Дәурен Қадырұлы.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде. Аймақта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







