Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өткен жылы сатып алған Tesla Cybertruck электромобилін қалай қолданып жатқанын айтты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрлік Tesla Cybertruck сатып алынған уақыттан бері үш рет нақты құтқару жұмыстарына қатыстырылғанын хабарлады. Бұл жағдайлардың барлығы да Алматы маңындағы таулы аймақтарда, соның ішінде бір рет түнгі уақытта эвакуация жүргізген кезде болған.
Көлік көбінесе төтенше жағдайлар кезінде жету қиын жерлерде «жылжымалы командалық-барлау пункті» ретінде қолданылады. Министрлік өкілдері атап өткендей, ерекше қорғалатын тау аймақтарында жұмыс істеу кезінде көлік экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
«Көлік таңдау барысында жұмыстың ерекшелігі мен қоршаған ортаға әсерді азайту қажеттілігі басты назарға алынды. Сондықтан Tesla Cybertruck электромобиліне таңдау жасалды. Техникалық талаптар таулы және климаттық жағдайларға сәйкес қалыптастырылды», – делінген ресми жауапта.
Қойылған техникалық талаптар жоғары функционалдық сипатқа ие. Олар көліктің жол талғамайтын қабілетіне, автономдылығына, сенімділігіне, заманауи қауіпсіздік, байланыс және навигация жүйелерінің болуына, сондай-ақ құтқару жабдықтарын тасымалдай алатын жүк бөлігінің болуына басымдық береді.
Tesla Cybertruck автокөлігі қазіргі заманғы байланыс құралдарымен, спутниктік интернетпен, қорғалған есептеу техникасымен, жылу камерасы мен оптикасы бар квадрокоптермен, құтқару құралдарымен және автономды қуат көздерімен жабдықталған.
Бұл мүмкіндік құтқарушыларға оқиға орнында жедел барлау жүргізіп, апаттық-құтқару жұмыстарын бастап, қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, мобильді басқару пунктін жылдам орналастыруға жол ашады. Әсіресе Алматы және оның маңайындағы туристер мен альпинистер жиі кездесетін таулы аймақтарда іздестіру-құтқару операциялары үшін өте тиімді болып отыр.
Tesla Cybertruck-ты қолдануда әзірге кемшіліктер анықталмаған. Дегенмен, министрлік төтенше жағдайларға әрекет ету үшін басқа да арнайы техникалар пайдаланылатынын атап өтті.
Осындай электромобильдерді тағы да сатып алу туралы шешім әзірше қабылданбаған. «Қосымша көліктерді сатып алу туралы шешім электромобильдің нақты пайдалану тәжірибесіне кешенді талдау жасалған соң ғана қабылданады», – деп хабарлады министрлік өкілдері.
Сонымен қатар, Tesla Cybertruck-ты техникалық қызмет көрсету шығындары жеткізуші компанияның есебінен жүргізіледі. Ал электромобиль өзінің тұрақты орналасқан базасындағы арнайы орнатылған зарядтау станциясынан қуат алады. Осылайша, инновациялық көлік министрліктің құтқару операцияларының тиімділігін арттырып, еліміздің экологиялық міндеттемелерін орындауға үлес қосып отыр.
Перизат Қайратқа тиесілі Mercedes-Benz S 450 автокөлігі мемлекет меншігіне берілді. Ақпарат электронды сауда порталында жарияланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







