Электрлік индикаторлы бұрағыштың ішкі құрылысын көріп пе едіңіз? Сырттай қарапайым көрінген бұл құрал сіздің өміріңізді қалай сақтайтынын білесіз бе? Осы бір шағын құрылғы электр тогын анықтап, сізді кездейсоқ тоқ соғудан қорғап қалады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алдымен, индикаторлы бұрағыштың құрамдас бөлшектерін қарапайым тілмен таныстырайық. Құралдың төменгі бөлігін қаптап тұрған қызыл түсті оқшаулағыш қабатқа назар салыңыз. Ол «оқшаулағыш корпус» деп аталады. Негізгі міндеті – кездейсоқ саусағыңыз сырғып кетсе немесе басқа өткізгішке тиген жағдайда, сізді тоқ соғудан сақтайды.
Ең төменгі ұшында орналасқан «металл ұштық» тікелей ток көздеріне, мысалы, сымдарға, розеткаға немесе ажыратқышқа жанасып, электр тогының бар-жоғын анықтайды. Бұл – индикатордың негізгі жұмыс істейтін бөлігі.
Ішіндегі маңызды элементтердің бірі «резистор» деп аталатын кішкентай қарсыласу тетігі. Ол ток күшін бірден төмендетіп, адам ағзасына қауіпсіз деңгейге дейін азайтады. Осылайша сізге тек қауіпсіз микроток қана жетеді.
Ал индикатордың жарқыраған шамын көрдіңіз бе? Ол – кішкентай «неон шамы». Ток өткен сәтте неон газының әсерінен жарқырап, сымда электр тогы бар екенін білдіреді. Егер шам жанса – тоқ бар, абай болыңыз деген сөз.
Ішінде тағы бір маңызды бөлшек – серіппе бар. Ол шам мен құралдың жоғарғы бөлігіндегі металл қалпақшаның арасын тығыз байланыстырып, токтың үздіксіз жүруін қамтамасыз етеді.
Құралдың жоғарғы жағындағы металл нүктені «жерлендіру нүктесі» деп атайды. Бұл жерді міндетті түрде саусағыңызбен басып тұру керек. Неге десеңіз, ток дәл осы жер арқылы сіздің денеңізден өтіп, жерге қауіпсіз түрде тарайды. Осылайша, шам жанады, ал сіз сымның ішінде тоқ бар-жоғын біле аласыз.
Ал бүйірінде орналасқан шағын қысқыш («клипса») арқылы индикаторды қалтаңызға немесе белдігіңізге қалам секілді қыстырып жүруге болады. Жұмыс барысында өте ыңғайлы.
Енді қалай жұмыс істейтінін қысқаша түсіндірсек. Сіз индикатордың металл ұшын токқа жалғап, үстіндегі жерлендіру нүктесін саусағыңызбен басқанда, ток металл ұштан құралдың ішіне өтеді. Ішіндегі резистор токты төмендетіп, қауіпсіз деңгейге жеткізеді. Содан соң шағын неон шамына жетіп, шам жарқырап жанады. Ток әрі қарай серіппе арқылы жоғарғы қалпақшаға, одан кейін сіздің денеңіз арқылы жерге тарайды. Осылайша сіз индикатор арқылы сымдағы токтың бар-жоғын қауіпсіз түрде анықтай аласыз.
Шам жанса – тоқ бар деген сөз. Қауіпсіздік үшін әрдайым тоқтың бар-жоғын алдын ала тексеріп жүріңіз!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







