Депутат Ринат Зайытов мемлекеттен алған наградасының себебін түсінбей отырғанын жасырмады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Шынымды айтсам, өзім де ойланып қалдым. Неге алғанымды білмеймін. Бәлкім, әлі жасалмаған жұмыстың алдын ала берілген марапаты шығар. Қолымнан келгенше мәдениет саласына үлес қосуға тырысамын. Осы оймен алдағы уақытта 4-5 мақсат қойдым. Солардың тым болмаса біреуіне жеткенде ғана марапатты абыроймен тағуға болады», – деді депутат.
Зайытов әзірге өзін бұл марапатқа лайықпын деп есептемейді. Оның пікірінше, мәдениет саласында осы атаққа әлдеқайда лайық адамдар жетерлік.
«Марапатты алғанда аздап ыңғайсыздық сезіндім. Менен гөрі мәдениет қайраткері атануға әлдеқайда лайық жандар бар. Оларды санамалай бастасақ, тізім ұзағынан созылып кетеді», – деді ол.
Еске сала кетсек, күні кеше президент Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен заң үстемдігін нығайтуға үлес қосқандарды мемлекеттік наградалармен марапаттаған болатын. Мәжілістен марапат депутаттар Айдос Сарым мен Ринат Зайытовқа берілген-тін.
Мәжіліске алғаш келген тұста депутат мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеруді сұраған еді.
«Мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын туралатуға әкеліп соғады», — деген болатын Зайытов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







