Саяси алаңда ширек ғасыр бұрын жоғалған вице-президент лауазымы қайта тіріліп, билік дәлізіндегі мұрагерлік ойын жаңа серпін алуы мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, билік мұндай лауазымды енгізу арқылы тұрақты саяси құрылымнан гөрі уақытша конъюнктураға негізделген осал жүйе құрып жатыр. Вице-президенттің пайда болуының өзі билік жүйесіндегі тепе-теңдікті сақтау мен президенттің ықпалын күшейту мақсатында ғана жүзеге асады дейді ол.
«Кезінде Қазақстанда вице-президент болды. Алғашқы және соңғы болып осы креслода отырған Ерік Асанбаев еді.
Назарбаев 95 жылғы Конституциядан соң әлгі қызметті қажетсіз деп тапты. Президентке орынбасар немесе болашақ бәсекелес керек болмады. Тоқаев? Қазіргі президент керісінше, вице-президентті болашақ мұрагерлік жүйенің маңызды элементі ретінде қарастырып отыр.
Демек, бәсекеден гөрі, билік транзиті мен саяси теңгерімді сақтау маңыздырақ», – дейді Сәтпаев.
Вице-президенттің міндеті қандай?
Саясаттанушының айтуынша, әдетте вице-президент саяси құрылымда 3 негізгі міндет атқарады:
- Президентке қандай да бір төтенше жағдай болса, билікті қабылдайтын резервтегі көшбасшы рөлі;
- Жүйедегі саяси балансты ұстаушы тұлға
- Президенттің арнайы тапсырмаларын орындаушы сенімді өкілі.
«Қазақстанда вице-президент Тоқаевтың Парламенттегі көз мен құлағы міндетін атқаратыны анық көрініп тұр. Бұрын Сенат спикері президенттен кейінгі ықпалды тұлға болса, енді оның орнын осы вице-президент басады. Бір қызығы, әлемдік тәжірибеде вице-президент Сенатты басқарады. Бәлкім, бізде де сол сценарий қайталанар», – деп болжайды саясаттанушы.
Сәтпаев сонымен қатар, билік бір палаталы Парламентке көшу арқылы депутаттар санын 147-ге дейін қысқартқанымен, мұның бюджетке айтарлықтай жеңілдік әкелмейтінін алға тартты.
Пікірінше, әзірде ғана құрылған Халық кеңесі архивке кеткен Ассамблея сияқты биліктің халық атынан шешім қабылдауын заңдастыру құралы болып қала беруі ықтимал.
«Кез келген саяси жүйе халықтың мандатына емес, жеке тұлғаларға, уақытша саяси қажеттіліктерге негізделсе, ондай құрылым ерте ме, кеш пе күйрейді. Бірақ саяси тақ үшін жүретін тартыс қызған сәтте бұл туралы ешкім ойламайды», – дейді Досым Сәтпаев.
Айта кетелік, экс-елбасы соңғы кезде Кремльге жиі барғыштап жүр. Саясаттанушы Уәлихан Төлешов осыған байланысты пікір білдіріп, Назарбаевтың Мәскеу сапарынан қорықпауға шақырған. Сарапшыға жеткен инсайд бойынша Әбішұлы мен Путиннің кездесуі Тоқаевтың мүддесіне сай келетін қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

