Экс-президент Назарбаевтың Владимир Путинмен және басқа да көшбасшылармен ұдайы байланыста болуы Тоқаевтың әлсіздігі емес, керісінше Қазақстанның ұзақмерзімді стратегиялық мүддесіне сай келетін қадам.
Белгілі саясаттанушы Уәлихан Төлешов осындай пікір білдіріпті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Төлешовтің айтуынша, Назарбаев қазір биліктің формальды құрылымынан алыстағанымен, Кремль үшін Орталық Азиядағы соңғы «өз адамы». Оған себеп Назарбаевтың аймақтағы түркілік бірегейлікке де, Ресейден кейінгі жаңа өңірлік тәртіпке де қатысты болмауы. Оның Мәскеу алдындағы мәртебесі қайталанбайтын, мұраға қалмайтын ерекше құбылыс.
Нұрекең Кремльдің психологиялық сенім буфері ретінде қызмет атқарады.
Сарапшының пікірінше, Тоқаев үшін Назарбаевтың осы рөлі өте ыңғайлы. Экс-елбасы Кремльмен «протоколсыз», жауапкершіліксіз диалог орнатуға мүмкіндік беретін арна. Бұл Астанаға Мәскеу тарапынан төнуі мүмкін қысым мен күдіктің алдын алып, мемлекетке формальды міндеттемесіз маневр жасауға кеңістік береді.
Осы себептен Тоқаев Назарбаевтың халықаралық кездесулеріне шектеу қоймай отыр. Өйткені мұндай шектеу Кремльге Қазақстан элитасы арасында алауыздық бар екенін байқатар еді. «Осы күнге дейін соқпақ бұзылып, Мәскеудің күдігі күшейіп, Қазақстанның әрбір қадамы саясиланар еді», – дейді Уәлихан Төлешов.
Сарапшы Назарбаев пен Тоқаевты байланыстыратын нәрсе өткенге деген адалдық емес, екеуінің де Қазақстанның қазіргі геосаяси осалдығын терең түсінуі дейді. Олар үшін басты ортақ ұстаным елдің Ресей ықпалынан эволюциялық жолмен, бейбіт түрде шығуы. Бұл эмоционалды шешім емес, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қаралған суық ақылдың жемісі.
Дей тұрғанмен…
Дегенмен, екі көшбасшы екі түрлі саяси кеңістікте әрекет етуде. Назарбаев өткенді ұстап тұрушы, Мәскеумен жеке сенімділікке негізделген қатынастарды сақтап, ескі тәртіптің салдарын жұмсартушы болса, Тоқаев мемлекеттің институционалды дербестігін нығайтып, жаңа дәуірдің іргетасын қалаушы тұлға.
Демек, Назарбаев өткен мен бүгіннің арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуші амортизатор болса, Тоқаев Қазақстанды постресейлік жаңа әлемге бейімдеп отыр.
«Қазақстан Тоқаев басшылығында Ресейге тікелей қарсы шықпай-ақ, бірақ жаңа әлемге есік ашатын нақты сигнал беріп жатыр. Квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамауы, халықаралық құқыққа ерекше мән беруі, Қытаймен, Түркиямен, АҚШ және Еуроодақпен қарым-қатынасты тереңдетуі осының дәлелі. Бұл көп шу шығармай, Кремльге анық әрі түсінікті тілмен берілген белгі», – деп есептейді Төлешов.
Тоқаевта уақыт тапшы
Сарапшы Назарбаев-Тоқаев арасындағы тепе-теңдіктің уақытша екенін де ескертеді. Әбішұлының тұлғалық факторы әлсіреген сайын, Мәскеудің күдігі қайта күшеюі ықтимал. Сондықтан Тоқаев қазір осы өтпелі кезеңнің мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысуда.
Төлешовтің айтуынша, Назарбаевтың Кремльмен байланысын сақтауы Қазақстандағы саяси транзиттің ерекше үлгісі. Ол биліктен ресми кетсе де, бейресми жолмен өз беделін дипломатиялық құралға айналдырған. Бұл посткеңестік елдердегі авторитарлық көшбасшылар арасында сирек кездесетін саяси ақылдылық.
«Назарбаев өз дәуірінің зардабын өзі жұмсартып отыр. Ол биліктің жеке тұлғаға шамадан тыс тәуелді болу қаупін түсінді. Сөйтіп, өзінің бұрынғы саяси ықпалын біртіндеп экономикалық капиталға айналдырып, өз әулетінің позициясын күшейтіп жатыр. Бірақ ол мұны Қазақстан мемлекетінің есебінен емес, өз беделінің есебінен жасауда», – дейді Уәлихан Төлешов.
Сарапшы мұны Назарбаевтың өзін-өзі сақтап қалуының ерекше формуласы деп бағалайды. Өйткені ол тікелей билікке қайта араласпайды, реформаларға кедергі келтірмейді және Елбасы мәртебесінен айырылғанына да ашық наразылық білдірмейді. Бұл ма, бұл биліктен кейінгі өмірін бейбіт, тиімді қамтамасыз етудің прагматикалық жолы.
Қорыта айтқанда, Төлешовтың пікірінше Назарбаев пен Тоқаев арасындағы бүгінгі бейресми баланс Қазақстанның геосаяси осалдығын жеңілдететін инновациялық саяси тәсіл. Бір көшбасшы өткеннің тұрақсыздығын реттесе, екіншісі елдің болашағын қалыптастырады. Олардың ортақ мақсаты мемлекеттің тәуелсіздігін эмоциямен емес, стратегиялық ақылмен сақтау.
Айта кетелік, бұған дейін Тоқаев Кремль көсемінің алдына бара беретін Назарбаевтың әрекетіне баға берген болатын. Соның алдында депутат Бапи экс-президенттің жүріс-тұрысын қатаң бақылауға алу керегін айтқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

