Президент Тоқаев Токиода сумо күресінің майталманы Ерсін Балтағұлмен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан бері әлемдік аренада атой салған отандасымыздың жетістігіне қазақстандықтар ерекше мақтанышпен қарайтынын жеткізді.
«Бүгін Император Нарухитомен болған кездесуде де әңгіме арасында сенің жетістіктерің туралы сөз қозғалды», – деді Президент.
Ерсін Балтағұл Жапонияда «Кимбозан» деген лақап атпен танымал. Бұл атауды оған Кумамото префектурасының символы саналатын таудың құрметіне берген. Сол өңір – әйгілі жаттықтырушы, сумо мектебінің негізін қалаған ояката Кисэнің туған жері.
Айта кетелік, Тоқаевтың Токио сапары барысында екі ел арасында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын 40-тан астам келісім жасалады.
Келіссөздердің негізгі бағыты энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен өнеркәсібі және көлік-логистика салалары.
Қазақстан тарапынан «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары қатысса, Жапония жағынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты алып корпорациялар қатысады.

