Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, екі ел президенті дәстүрлі достық пейілде өткен әңгіме барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты байланыстардың қазіргі ахуалы мен алдағы даму келешегін талқылады.
Тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің сәтті орындалып жатқанын атап өтті. Әсіресе мәдени-гуманитарлық қатынастардың тереңдей түсуіне оң баға берілді. Сонымен қатар білім және ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды одан әрі дамыту қажеттігі айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Кремльдің баспасөз қызметі шақырудың қабылданғанын, Владимир Путиннің мамыр айының соңына жоспарланған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) саммитіне қатысатынын растады.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентін осы саммитке орай Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Шақыру ризашылықпен қабыл алынды», – делінген Кремль хабарламасында.
Телефон әңгімесі барысында екі ел басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сауда-экономикалық саладағы өзара тиімді стратегиялық әріптестік жобаларының орындалу барысы да сөз болды. Президенттер тұрақты байланыста болуға уағдаласты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

