Президент Тоқаев Turkistan газетіне берген сұхбатында Назарбаев пен Путин арасындағы жиі өтіп жүрген кездесулерге қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, кездесулердің бейресми сипатқа ие екенін Ресей президентінің өзі атап өткен.
«Жуырда Петерборда Путинмен кездесу барысында ол Назарбаевты өзінің жеке өтініші бойынша қабылдайтынын айтты. Жалпы, Ресей президенті өзінің бұрынғы әріптестері мен достарына ерекше ықыласпен қарайды.
Сенбі күні болса да, жұмысбастылығына қарамастан Владимир Путин Қазақстанның тұңғыш президентімен асықпай отырып әңгімелесуге уақыт тапқан.
Ол Назарбаевты еуразиялық интеграцияның бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде құрметтейді», – деді Тоқаев.
Президент осчнау кездесулер Кремль көсемінің адами қасиетінен хабар беретінін жеткізді.
«Шынымды айтсам, бұл әңгімелердің мазмұны маған қызық емес. Ол жайында ешқашан сұраған емеспін. Ал Назарбаевқа келетін болсақ, мен оны заманауи Қазақстанның негізін қалаушы ретінде бірнеше мәрте атап өттім. Оның мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы, нарықтық экономиканы құрудағы, жаңа астана салудағы еңбегі айқын. Біз Қазақстанды әділет пен заң үстемдік ететін елге айналдыруды көздейміз. Сондықтан кез келген азаматтың еңбегін жеке көзқарасқа, эмоцияға берілмей, әділетті түрде бағалауымыз керек. Бұл бірінші президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірген еді. Ал оның алдында депутат Бапи экс-президенттің жүріс-тұрысын қатаң бақылауға алу керегін айтқан.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

