1 наурыз Алғыс айту күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды құттықтап, ерекше үндеу жолдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Президент осы мереке халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл құндылықтарын өзара сыйластық, жанашырлық пен ынтымақты бейнелейтінін атап өтті. Оның айтуынша, алғыс пен ризашылық сезімі қоғамды біріктіретін мызғымас моральдық тірек болып табылады.
«Алғыс айта білу қиын сәтте қол ұшын беруге дайын болу, өзгелерге көмектесу. Әлем дүрбелеңге толы кезеңді бастан өткерген бүгінгі күні мұндай қасиет ерекше маңызды», – деді президент өз сөзінде.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде еліміздің қиын-қыстау замандарда сақталып, бүгінгі күнге жетуіне үлес қосқан аға буын өкілдеріне алғыс білдірді.
Сондай-ақ, ұстаздар мен дәрігерлерге, мәдениет және өнер қайраткерлеріне, кәсіпкерлер мен жұмысшы мамандықтардың иелеріне, тәртіп сақшылары мен құтқарушыларға ризашылығын жеткізді.
Тоқаев жастар мен волонтерлердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен белсенділігін ерекше атап өтті.
«Жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, мұқтаждарға көмектесуге ұмтылуы жасампаз әрі жауапты патриотизмнің жарқын көрінісі», – деді президент.
Сонымен қатар…
Мемлекет басшысы еліміз тарихи өзгерістер кезеңіне қадам басқанын еске салды. Жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтып, мемлекеттік органдардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға, қасиетті Тәуелсіздік пен Егемендігімізді күшейтуге бағытталған маңызды құжат.
«Болашақ Конституция ертеңіміздің берік іргетасы. Оны біз бірге қалыптастырамыз. Бұл күн ел тағдыры әрбір азаматтың қолында екенін еске салады. Алдымызда тұрған ауқымды міндеттерді орындау бірлігімізге, азаматтық жауапкершілігімізге байланысты. Заң мен тәртіпке, ынтымақ пен дәстүрге сүйене отырып, біз қуатты, әділетті, таза әрі ілгері Қазақстанды құрамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөз соңында барша отандастарға бірлік пен ынтымақ тіледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







