Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ақпанның 13-і күні әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Сол кезде ШҚО әкімдігі бұл жағдай туралы ешқандай мәліметтің жоқ екенін, ал әкімнің бірінші орынбасары «денсаулығына байланысты уақытша демалыста» екенін хабарлады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ресми түрде тергеудің басталғанын растады. «Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, басқа ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жазылған комитеттің ресми жауабында.
Әзірге Жақсылық Омарға қандай нақты айып тағылғаны, тергеу қай бап бойынша жүргізіліп жатқаны белгісіз.
Айта кетейік, тергеуге алынған шенеунік әлеуметтік желілерде өте белсенді еді. Оның Instagram парақшасында 11 ақпан күні соңғы жазба шыққан болатын. Жазбада ол өткен жылы өңірдің әлеуметтік саласындағы жұмыстардың қорытындысын талқылап, алдағы 2026 жылға жоспарларды бекіткен жиын туралы ақпаратпен бөліскен.
Жақсылық Омар кім?
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданының Үшарал ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша білім алған. 2018 жылы Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Соңғы жағдайға дейін Жақсылық Омар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелермен айналысып келген еді. Тергеу жұмыстарының нәтижесі әлі жарияланбады.
Бұған дейін Сақтағанов тарапынан Шнайдер көпіріне қатысты сын айтылып, облыс әкімі жемқорлықтың алдын алу жөнінде құқық қорғау органдарымен бірнеше мәрте кеңес өткізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

