Сенат депутаттары Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) азаматтық қорғаныс механизмін құру туралы келісімді ратификациялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сенатор Андрей Лукиннің мәлімдеуінше, аталған келісім бойынша Қазақстан мен басқа да мүше мемлекеттер жыл сайын 50 мың доллар көлемінде жарна төлеуге міндеттеледі. Қазіргі бағаммен есептегенде, бұл шамамен 25 миллион теңгеге жуық қаражат.
Ратификация нәтижесінде ұйымға мүше мемлекеттер төтенше жағдайлар кезінде азаматтардың өмірін сақтап қалу, олардың мүлкін қорғау, гуманитарлық және медициналық көмек көрсету, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мақсатында күш біріктіреді.
Келісім бойынша, зардап шеккен елдің сұрауына сәйкес көмек ерікті түрде көрсетіледі. Шешім консенсус негізінде қабылданады. Ұйымның жоғары органы – Министрлер кеңесі және штаб-пәтері Ыстамбұлда орналасатын хатшылық болмақ. Түркия тарапы хатшылық үшін қажетті орынжай беріп, ұйымдық мәселелерде жан-жақты қолдау көрсетуді өз мойнына алып отыр.
«Төтенше жағдайлардағы азаматтық қорғау механизмінің дербес бюджеті болады. Ол мүше елдердің жыл сайынғы міндетті жарналары есебінен қалыптасады. Арнайы халықаралық бюджеттік келісім күшіне енгенше әрбір мүше мемлекет 50 мың доллар көлемінде жарна төлеуге міндетті. Ал алғашқы екі жыл ішінде осы сомадан асатын шығындарды Түркия өз есебінен жабуға келісім берді», – деді сенатор Лукин.
Сонымен қатар…
Жиналған қаржы хатшылықты ұстауға, цифрлық платформаларда мамандарды оқытуға, бірлескен тәжірибелік жаттығулар мен семинарлар өткізуге бағытталмақ. Бұдан бөлек, түркі мемлекеттерінің құтқарушыларын даярлау үшін арнайы база құрылып, осы мақсатқа да қаржы бөлінбек.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан толық мүше болса, Венгрия, Түрікменстан және Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие. Ұйымның негізгі мақсаты – түркітілдес елдер арасындағы саяси, экономикалық, сауда, мәдениет, білім, қауіпсіздік және көлік салаларындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамыту.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







