Иранның рухани көшбасшысы аятолла Әли Хаменей АҚШ пен Израильдің бірлескен әскери шабуылынан қаза тапты. Артынша президент Дональд Трамп Тегеранға өте қатаң ескерту жасады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Иран бүгін бұрын-соңды болмаған өте ауыр соққы жасаймыз деп отыр. Егер олар бұған барса, біз оларға адамзат тарихында әлі ешкім көрмеген күшпен жауап қайтарамыз», – деп жазды Трамп жексенбі күні Truth Social платформасында.
Сенбі күні АҚШ пен Израиль күштері Иранның бірнеше ірі қаласына жойқын соққы беріп, елдің жоғарғы басшысы аятолла Хаменеиді және бірқатар жоғары лауазымды қауіпсіздік шенеуніктерін өлтірген болатын.
Израиль тарапы операцияның басты мақсаты Ираннан төнген «экзистенциалды қауіпті» жою екенін мәлімдеді, ал Трамп болса «Иран режиміне» қарсы ірі әскери операцияның басталғанын хабарлады.
Бұған жауап ретінде Иран күштері Израиль мен АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандарына зымыран және дрон шабуылдарын жасап, Парсы шығанағындағы бірнеше мемлекет әуе кеңістігін толығымен жабуға мәжбүр болды.
Хаменейдің өлімін растаған Тегеран билігі «кек қайтаратынын» жариялап, елде 40 күндік аза тұту мерзімін белгіледі. Сондай-ақ, келесі жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін билік уақытша кеңестің қолына өтті. Аймақтағы жағдайдың одан әрі шиеленісу қаупі жоғары.
Трамп неге Тегеранға тап берді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







