Дональд Трамп Ақ үйге қайта оралуына бір апта қалмай жатып, АҚШ пен Ресей арасында жаңа байланыс желісі пайда болып, соңғы үш жылға жуық уақыттан бері қолданылып келген қатынас арналарын ығыстыруға жақын деп жазады ErtenMedia.
Украинадағы ахуалға алаңдаулы қауіпсіздік және дипломатия саласындағы мамандар мен олардың серіктестері Ақ үйге келе жатқан жаңа әкімшіліктің қадамдарын мұқият қадағалап отыр.
Трамп билікке келе салысымен Украина мәселесінде екпіндете әрекет еткісі келеді. Тіпті көпшілікке жария болғандай, Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуін ұйымдастыру жоспары да бар.
Келешек АҚШ әкімшілігінің өкілдері тіпті бұл кездесуді алдағы айда өткізуді көздеп отырғанын кей одақтастарына да жеткізген көрінеді.
2024 жылғы 5 қарашадағы сайлауда жеңіске жеткен сәттен-ақ Трамптың командасы Ресеймен Украинаға қатысты жаңа байланыс тетігін іске қосумен айналысып жатыр.
Дональд Трамп Украина бойынша арнайы өкілі ретінде 80 жастағы Кит Келлогты (Keith Kellogg) таңдағанымен, негізгі жұмысты алда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші лауазымына тағайындалуы ықтимал Майкл Уолц (Michael Waltz) үйлестіріп отыр. Олар 100 күннің ішінде бұл дипломатиялық келісімнің іргетасын қалаймыз деп бел буған.
Кит Келлог Украина бойынша арнайы өкіл. Соңғы күндері Парижде болып, Украинадағы түрлі саяси сценарийлерді сараптау үшін бұрынғы Украина премьер-министрі Юлия Тимошенкомен кездескен.
Тимошенко қазіргі президент Владимир Зеленскиймен саяси одақтас болмаса да, оны Трамп әкімшілігі әзірлеп жатқан бейбіт жоспарға қолдау білдіруге көндіру – Украинадағы қоғамдық пікірді жұмсартудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.
Майкл Уолц болашақ Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші. Бұрынғы «жасыл берет» әскериге айналған саясаткер. Ол Ауғанстанда, басқа да шиеленісті өңірлерде қызмет еткен. Сол тәжірибесіне сүйеніп, НАТО-ның арнайы күштері мен барлау қызметтеріндегі ауқымды байланыстарын пайдаланып, Трамптың президент ретіндегі алғашқы ірі сыртқы саяси қадамын дайындауға күш салуда.
Юрий Ушаков — Ресей тарапынан негізгі байланыс ұсынушысы, Путиннің көмекшісі әрі бұған дейін Мәскеудің АҚШ-тағы елшісі болған тұлға. Операциялық деңгейде АҚШ-тың арнайы қызметтері Ресейдің әскери барлау басқармасы – ГРУ өкілдерімен өзара байланыс жүргізуде.
Украинаға қатысты соғыс басталғаннан бері ГРУ Мәскеу мен Киев арасында және Украинаға жақтас Батыс елдерімен жасырын дипломатиялық канал қызметін атқарып келеді.
Ақпанның 2022-сінен бастап соғысқа байланысты орнаған ескі байланыс арналары осы жаңа жолға орын беріп келе жатыр. Бұрын Ресей мен Украина өкілдері Батыс елдерінің үнсіз қолдауымен Түркияда, Қазақстанда және Сербияда келіссөз өткізгені туралы хабарланған. Сербия президенті Александр Вучич өз елі мұндай іс-шараларды қайталауға дайын екенін растаған.
Дегенмен соңғы айларда екі елдің өкілдері арасындағы ең қарқынды кездесулер Абу-Дабиде өтіп келген.
Ресей тарапынан көбіне Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Вершинин келіссөздерге жетекшілік етті. Оған жас дипломаттар мен техникалық жұмыстар бойынша ГРУ офицерлері қолдау көрсетті.
Кейде Африка және Таяу Шығыс бағыттарына жауапты орынбасар Михаил Богданов та (Сирия мәселесі бойынша Путинге сенімді өкіл болған тұлға) келіссөзге қосылып отырған.
Украина тарапынан алғашқыда бұл келіссөздерге Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба тікелей араласса, қыркүйектен бастап бұл міндетті оның ізбасары Андрей Сыбиха жалғастыруда. Сондай-ақ тұтқын алмасу секілді арнайы мәселелерге Украина әскери барлау қызметі (ГУР) басшысы Кирилл Буданов қатысып жүр.
Аталған құпия келіссөздерге әр кезеңде АҚШ пен Франция да бақылаушы ретінде қатысады. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 26 желтоқсандағы мәлімдемесінде дәл осы жасырын арналарда Францияның «Украинамен бейбіт келіссөзді» бастауға шақырып жүргенін жария етіп, француз дипломатиясын ыңғайсыз жағдайға қалдырған еді. Париж бұл «орынсыз пікір» екенін алға тартып, Мәскеудің мұндай мәлімдемелер жасауға машық екенін ескертумен ғана шектелді.
Лавровтың ашық айтқан сыны бұрын бар арнаны әшкерелеп қана қоймай, жаңа АҚШ әкімшілігі (Трамп командасы) мен Кремль арасындағы ықтимал келіссөздерден өзін шеттетіп қалмау мақсатын да көздейді.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі мен ГРУ-ға көбірек сенетін Путиннің айналасында сыртқы істер ведомствосы ішкі бәсекеде әлсіреп қалмаудың амалын жасап жатқандай.
Украина президенті Владимир Зеленский «жеңіс жоспары» деген ұстанымнан таймай отырған тұста, Ресей АҚШ-тың жаңа әкімшілігіне «ынтымақтастыққа дайынбыз» дегендей ишара жасауда. Соған қарамастан басқыншылар соғыс даласында алға жылжи түскенін ескерсек, нақты бейбіт келіссөздер әлі орын ала қойған жоқ.
Жаңа АҚШ әкімшілігінің бастапқы жоспары Киевтің аумағын біршама жоғалтуына, сондай-ақ Украина тарапынан НАТО-ға кіру арманын белгісіз мерзімге шегере тұруға мәжбүр етуі мүмкін.
Оның орнына Украинаға Батыс елдерінен қауіпсіздік кепілдіктерін ұсыну көзделуде. Алайда осы мәселені реттеу кезінде Майкл Уолц Украина қауіпсіздігіне Трамптың өзіне қарағанда көбірек көңіл бөлуі мүмкін деген болжам бар. Ендеше, Украинаны осы қадамға көндіру – Еуропадағы одақтастарының міндетіне айналуы ғажап емес.
Осылайша Трамп командасы өз әкімшілігінің алғашқы айларында Украина соғысын шешу жолын іздеп, Ресеймен жаңаша келіссөз форматын қалыптастыруда. Бұл қадам қандай нәтиже берсе де, Украинадағы қақтығыс тұрғысынан да, әлемдік саясат үшін де салмақты өзгерістерге бастайтыны анық.