Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспарына қатысты бүкілхалықтық референдум өткізуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алайда бұл үшін Ресей тарапы кем дегенде 60 күнге атысты толық тоқтатуы тиіс.
Axios басылымына берген сұхбатында Зеленский бұл шарттың Украина үшін шешуші мәні бар екенін жеткізген. Оның айтуынша, Трамп жоспары бойынша келіссөздер 28 желтоқсанда АҚШ президентімен өтеді. Зеленский осы кездесуде Киевтің ұстанымын нығайтуды көздеп отыр.
Трамптың ұсынған бейбітшілік жоспары Украинадан кейбір аумақтарды, соның ішінде қазір Ресей әскері бақылауында жоқ жерлерді де беруді талап етеді.
Зеленскийдің айтуынша, Украина халқының атынан шешім қабылдау үшін референдум қажет, ал оны ұйымдастыру үлкен саяси, логистикалық және қауіпсіздік мәселелерімен байланысты. Сондықтан, мұндай ауқымды шараны жүзеге асыру үшін Ресей тарапы кемінде 60 күнге толық атысты тоқтатуы қажет екенін атап өтті.
Axios дерегінше, АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеунігі Ресейдің атысты тоқтатудың маңызын түсінетінін, бірақ оның әлдеқайда қысқа мерзімді ұсынып отырғанын айтқан. Қазір Украина тарапы осы келіссөздер арқылы атысты тоқтату мерзімін ұзартып, келісімнің тиімді шарттарын қамтамасыз етуге күш салуда.
Айтпақшы, осыған дейін белгілі саясаттанушы Айдос Сарым бізге Путин мен Зеленскийді табыстырудың тосын формуласы жайында ойын айтқан болатын.

