АҚШ билігі Венесуела президенті Николас Мадуро қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот алдында жауап береді деп мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әмерикалық сенатор Майк Ли әлемжелідегі парақшасында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен сөйлескенін жазып, әскери операция кезінде қолға түскен Мадуро жақын арада сот алдында жауап беретінін қуана хабарлады.
Сенатордың сөзіне қарағанда, Каракаска жасалған соққылардың басты мақсаты тұтқындау туралы ордерді (бұйрықты) орындаған америкалық әскерилерді қорғау болған.
АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау да жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, оқиғаны Венесуела тарихындағы «жаңа кезеңнің басталуы» деп сипаттады.
Бұған дейін Дөкең, Доналд Трамп Венесуелаға қарсы ауқымды операция жүргізілгенін, оның нәтижесінде Николас Мадуро тұтқынға алынып, елден шығарылғанын мәлімдеген еді.
Венесуела билігі бұған жауап ретінде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды талап етуде. Каракас операция салдарынан әскери және бейбіт тұрғындардың арасында қаза тапқандар бар екенін хабарлады.
Associated Press агенттігінің ақпараты бойынша, ел астанасында жарылыстар жергілікті уақытпен түнгі сағат екі шамасында басталып, жарты сағатқа созылған.

