Қазақстанда автожол саласын дамытуға бағытталған жаңа кезең басталмақ. Көлік министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған негізгі бағыттарды бекітіп, инфрақұрылымды жаңғырту мен транзиттік әлеуетті арттыруға басымдық берді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қабылданған құжатқа сәйкес, жол жабынының түрін таңдау тәсілі қайта қаралады. Жүк қозғалысы жоғары халықаралық бағыттарда цементбетон жолдары көбейтіледі. Ал ауылдық және шағын елді мекендерге апаратын жолдарда қиыршық тас пен шағал жабындарына басымдық беріледі. Бұл материалдар ұзаққа шыдамды әрі климаттық өзгерістерге төзімді.
Транзиттік дәліздерді дамыту – негізгі бағыттардың бірі. «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл», «Сексеуіл – Ұлғайсын» және «Жаңаөзен – Кендірлі – Темірбаба» жолдары стратегиялық жобалар қатарында. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарының көлемі артып, 2028 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 10 мың шақырымы жаңартылады.
Жол саласында ұлттық оператордың рөлін күшейту де қарастырылған. Бұл қаржылық тұрақтылықты арттырып, инвестиция тартуға және жол активтерін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Технологиялық жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінеді. Полимермен модификацияланған битум қолдану жоспарланып, жобаларды іске асыруда ғылыми-техникалық сүйемелдеу енгізіледі. Бұл шешімдер жол сапасын арттыруға бағытталған.
Бұл бағытта «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» маңызды рөл атқарады. Институт жобаларды негіздеу, жаңа материалдарды сынау және көлік жүктемесін талдау жұмыстарын жүргізеді.
Сонымен қатар жол инфрақұрылымы цифрлық технологиялармен толықтырылады. Негізгі бағыттар бойында талшықты-оптикалық желілер тартылып, 5G технологиясы енгізіледі. Бұл интеллектуалды көлік жүйелерін дамытуға мүмкіндік береді.
Қосымша ретінде көп функционалды сервистік аймақтар құру және өткізу бекеттерін жаңарту жұмыстары жоспарланған. Жалпы алғанда, бұл бастамалар жол сапасын жақсартып қана қоймай, Қазақстанды транзиттік хаб ретінде нығайтуға бағытталған.
ҚР Көлік министрлігі ақылы жолдардағы төлем жасау тәртібіне қатысты өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







