Әзербайжан астанасы Баку қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, танымал суретші Алпысбай Қазғұловқа Түркі дүниесі Көркемсурет академиясының атағы берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл атақ қазақ бейнелеу өнерінің дарабоз шеберінің ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен шығармашылық ізденісіне берілген үлкен баға. Жалпы, Алпысбай Қазғұловтың өзгелерден басты ерекшелігі – тоқтаусыз ізденісі мен еңбексүйгіштігі. Ол үнемі білімін жетілдіруге ұмтылып, жаңашылдыққа құмар болып жүреді. Өз өнерінде «болдым, толдым» деп тоқтап қалмайды, керісінше, әрбір туындысына жан-тәнімен беріліп, ерекше жауапкершілікпен қарайды.
Алпысбайдың осы табандылығы мен еңбекқорлығы жемісін беріп, бейнелеу өнерінде өзіне ғана тән дербес стиль қалыптастыра білді. Оның картиналарында эмоцияға толы экспрессивтік күш бар. Суретшінің қалыптасқан өзіндік эмоционалдық ырғағы көрерменді бірден баурап алып, бей-жай қалдырмайды. Осы бір ерекшелік шебер туындыларының көркемдік қуатын арттырып тұр.
Алпысбай Қазғұловтың картиналары этнографиялық мазмұны терең әрі ұлттық дәстүрдің айқын көрінісімен ерекшеленеді. Ол адам жанын нәзік түсініп, психологиялық көңіл-күйді шебер жеткізеді. Сондай-ақ суретші ұлттық нақышты сақтай отырып, өзіне ғана тән түс үйлесімін ұтымды қолданады. Мұндай көркемдік тәсілдер суретші туындыларының деңгейін одан сайын биіктете түскен.
Жалпы, суретші үшін түстерді сезіне білу мен кеңістікті шебер меңгеру маңызды шарттардың бірі болса, Алпысбай осы тұрғыда үлкен жетістікке жеткен. Оның шығармаларында жарық пен кеңістік үйлесімді ұштасып, картиналардағы шиеленіс пен кульминация бір сызықтың бойында үндесіп жатады. Бұл – суретшінің өз өнерінде биік шыңдарды бағындырғанын айғақтайды.
Алпысбай Қазғұловтың туындылары көрерменге ерекше психологиялық әсер сыйлайды. Оның картиналарын тамашалаған адам бейнелеу өнерінің барлық қырларына тәнті болып, рухани қуат алады. Әрбір туындысында тылсым күш пен сезім тереңдігі қатар өріліп, суретшінің шеберлігі мен ерекше талантын айғақтап тұрады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







