Түркістан облысында стратегиялық маңызға ие «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құрылыс жөніндегі басқарушы директоры Марат Исқалиевпен және мердігер мекеме «Integra Construction KZ» ЖШС өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының барысын талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде теміржол құрылысының қазіргі жағдайы мен туындаған мәселелерді шешу жолдары айтылды. Жиынды ашқан облыс әкімі жобаның ерекше маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың V отырысында осы теміржол желісін биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл тапсырманы сапалы әрі дер кезінде орындау – басты міндетіміз. Жоба өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, экономикалық дамуға жол ашады. Сондықтан құрылыс қарқынын үдетіп, станциялардың сәулеттік келбетін шығыстық үлгіде жасауды тапсырамын, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Өз кезегінде Марат Исқалиев қазіргі уақытта 9,1 млн текше метр жер қазу жұмыстары аяқталғанын, 19,8 шақырымға рельсті шпал торы төселгенін мәлімдеді.
– Қазір көпірлер мен өткелдер салу, су құбырларын жүргізу және жасанды құрылымдарды монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Құрылысқа 560-тан астам маман мен 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған, – деді ол.
Жобаның жалпы ұзындығы – 172 шақырым. Бұл теміржол желісі Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарын жалғап, «Сарыағаш» шекаралық өткізу бекетінің жүктемесін жеңілдетеді. Сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың ашылуына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етпек.
Жиын барысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген, Сарыағаш, Келес, Мақтаарал және Жетісай аудандарының әкімдері жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу және сатып алу жұмыстары туралы есеп берді.
Айта кетейік, стратегиялық жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы 2025 жылдың соңында берілген. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісі 2026 жылдың желтоқсан айында толық іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Түркістан облысында биыл есірткінің заңсыз айналымына қатысты 425 дерек тіркелді. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Зиятаев мәлімдеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

