Түркістандағы «Түркістан Арена» стадионында алғаш рет УЕФА аясындағы ресми матч өтті. 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан мен Словакия құрамалары кездесті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тарихи ойын жергілікті жанкүйерлердің ерекше қолдауымен есте қалды. 7000 көрерменге арналған стадионда ине шаншар орын болмады. Түркістандықтар матч бойы ұлттық құрамаға зор қолдау көрсетіп, футболшыларға ерекше жігер берді.
Алайда, тартысқа толы кездесу қонақтардың жеңісімен аяқталды. Словакия жастары сауатты қорғаныс пен өткір шабуыл ұйымдастырып, 3:1 есебімен басым түсті.
Осындай деңгейдегі халықаралық кездесулердің Түркістанда ұйымдастырылуы аймақтағы спорт инфрақұрылымының жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл сондай-ақ жастар арасында футболға деген қызығушылықты арттырып, жас спортшыларды жігерлендіруге үлкен мүмкіндік.
Айта кету керек, «Түркістан Арена» – УЕФА стандарттарына толық сай келетін заманауи спорт кешені. Қазақстан жастар құрамасы енді осы алаңда 31 наурыз күні Ирландия жастарымен кездеседі. Ойын сағат 20:00-де басталады, кіру тегін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







