Түркістан қаласында гүл егіліп, санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстары қарқын алды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қала аумағында тазалықты сақтау жүйелі бақылауға алынған. Туристік нысандарда, орталық көшелерде және тұрғын үйлердің аулаларында қоқысты уақытылы шығару, жол жиектерін ретке келтіру жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.
Көктемгі кезеңге сай көгалдандыру бағытына ерекше мән берілген. Көгалдарды күтіп-баптау, суару жүйелерін реттеу, гүлзарлар мен жасыл аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Сонымен қатар инфрақұрылым нысандарын жаңарту да назардан тыс қалмаған. Атап айтқанда, орындықтар мен жарықшамдар жөнделіп, ағаштар әктеліп, бұталар қырқылып жатыр. Балалар және спорт алаңдары да ретке келтірілуде.
Осы жұмыстар аясында қалада ауқымды гүл егу науқаны басталды. Жалпы жоспар бойынша 2 миллионға жуық гүл отырғызу көзделген. Қала көшелері мен қоғамдық орындарда түрлі гүлдер егіліп, Түркістанның көркі айтарлықтай жандана түсті.

Гүл егу жұмыстары негізгі кіреберіс аймақтарды, туристік орталықтарды және басты көшелерді қамтиды. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов даңғылы, әуежай мен теміржол вокзалы маңы, «Керуен сарай», «Конгресс Холл» кешені, әкімшілік-іскерлік орталық, саябақтар мен гүлзарларда жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Наурыз мерекесі қарсаңында және туристік маусым басталар тұста қалаға келушілер саны артады. Осыған байланысты тарихи-мәдени нысандардың санитарлық жағдайы мен жалпы абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.
Қоғамдық орындардағы тазалық, қызмет көрсету сапасы және қаланың эстетикалық келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар үйлесімді жүргізіліп, Түркістанның туристік тартымдылығын арттыруға басымдық беріліп отыр.
Наурызнама онкүндігі аясында Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне арналған тағылымды кездесу өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







