Түркістан облысы әкімдігінде мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстардың қорытындысы шығарылып, жаңа жылға арналған жоспарлар бекітілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Аппараттық мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекеттік сатып алудағы қателіктерді қайталамау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттырып отыру маңызды. Әсіресе, аудан-қалалар мен басқармалар бойынша заңбұзушылықтарды жиі қайталайтын мекемелердің рейтингін әзірлеп, ай сайын есеп беруді тапсырамын. Бюджет қаржысы халықтың игілігіне тиімді жұмсалып, өңірдегі өзекті мәселелер нақты шешімін табуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақәділ Сатыбалдының мәліметінше, 2025 жылы Түркістан облысының мемлекеттік сатып алуларының жылдық жоспары 339,7 млрд теңгеге жетіп, 117 мыңнан астам тармақты қамтыған. Оның 60%-дан астамы облыстық басқармалардың үлесінде болған.
Биыл бұл көрсеткіш 219,1 млрд теңгені құрап отыр. Жыл бойына сатып алуларды бақылау күшейтіліп, отандық және жергілікті тауар өндірушілерге басымдық беру, бәсекелестік ортаны кеңейту, сондай-ақ заң бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Айтпақшы, 2025 жылы Түркістан облысы мемлекеттік бюджетке 1 триллион теңгеден астам салық жинап, жоспарды 101,2%-ға орындады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

